ЕХРО-2017: Тонга Корольдігінің ұлттық күні өтті

ЕХРО-2017 көрмесі таза энергияға қол жеткізу жолындағы бірегей жобалар тоғысқан заманауи платформа.

Демек еліміздің экономикасын әлдендіруге тікелей қатысы бар саланың біз үшін орны бөлек. Бұл туралы күллі әлем көз тіккен көрме аясындағы Тонга Корольдігінің ұлттық күнінде мәртебелі меймандар айтты. Мамандар «жасыл» экономиканың жетістіктеріне қол жеткізуге мүдделі екенін де тілге тиек етіп, энергетика саласына айрықша  қызығушылық танытты. Тынық мұхитының оңтүстік бөлігінде орналасқан бұл ел жиылған жұртты мың бұралған бишілерімен тәнті етіп, мәдениетін мейлінше көрсетуге тырысты.

Семиси Сика Киоа Лафу, Тонга Корольдігінің туризм және инфрақұрылым министрі:

- ЕХРО-2017 көрмесінде  әлемдік экономикаға қажет негізгі күштердің барлығы көрсетілген. Энергетикалық сектор ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, керек десеңіз, денсаулық пен білім саласына да тікелей қатысты. Тонга «жасыл» экономика бастамасын толықтай қолдайды. Біз туристік әлеуетпен қатар озық технологияны игеруге ниеттіміз. Сол себепті де Астанадағы бұл көрменің біз үшін орны бөлек.