Елімізде өтіп жатқан «Астана EXPO-2017» көрмесі жаһан жұртының жіті назарында. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы халықаралық мамандандырылған шараның маңыздылығы жайлы шетелдік басылымдар да жарыса жазып жатыр. «Астана EXPO 2017» көрмесі «жасыл» энергияға жол ашады. Дәл осындай тақырыптағы мақаланы «Украина мен әлем энергетикасы» интернет басылымы жариялады. Онда автор елорданың Еуразиядағы ең қарқынды дамушы қала екеніне тоқталып өткен. Сондай-ақ басылым биыл Қазақстанның «әлемде саяхаттап баруға тұрарлық мекендердің үздік отыздығына» қосылғанын да назардан тыс қалдырмапты. Оған қоса бұл тізімде Қазақстан Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет екені жазылған. «Ал EXPO қалашығындағы еліміздің павильоны – елорданың айшықты белгісі» делінген. «Нұр әлем» – «жасыл» технологияға негізделген ерекше жоба. Павильон құрылысына жылуды сақтайтын әрі дыбыс өткізбейтін екіжақты шыны қолданылған. Шар тәрізді нысан ішіне энергияны өндірудің қарапайым жолдарынан бастап баламалы қуат көздерін іздеуге дейінгі түрлі экспозициялар қойылған. Күн, су, жел, тіпті жердің магмасы да бар. Мұның барлығы да баламалы қуат көзі. Ал айырқалпақты ағайындарға қарасты «Новые лица» мерзімді басылымы «Астанадағы ЕХРО жайында жүз рет естігенше, бір рет көр» тақырыбында мақала жариялады. Оған қоса күнге қыздырынып, теңіз жағалап кететін туристерді көрмеге келіп, нағыз хайтек-саяхат жасауға, алдыңғы қатарлы тың технологиялармен танысуға шақырған. ЕХРО қалашығын толық аралап шықпақ түгілі адасып кетуге болады. Оның жалпы көлемі 175 гектарға жуық. Осынша аумақта көрме павильондары ғана емес, дәмхана, қонақ үй, бизнес алаңдар, мәдени орталықтар және алуан түрлі нысандар бар. Барлығы да заманауи жаңа үлгідегі технологиямен жабықталған. Астана түсіңде ғана көретін сиқырлы шаһар секілді. Мұндай таңданыстағы мақаланы «Балтийский курс» басылымы жариялады. Интернет журналда елорданың тылсым сәулеті мен қайнаған тыныс-тіршілігі жазылған. Сондай-ақ автор ЕХРО қалашығы шаһар көркін одан әрі арттыра түскеніне де тоқталған. Ал мақала соңында осындай халықаралық көрмеге жауапкершілікпен қарап, адамзат үшін маңызды істерді атқарған мемлекетке алғыс айтқан. Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев