29 тамыз Семей полигонының жабылған күні

Бүгін Семей полигонының жабылған күні. Ядролық жарылыстардың зардабы ұшан-теңіз.

Биыл сынақ полигонынан жапа шеккен 7 мыңнан астам ардагер бір жолғы материалдық көмек алды. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Жалпы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, ядролық сынақтарға тікелей қатысқан әскери қызметшілер, ядролық қаруды сынау салдарынан мүгедек болған адамдар және ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуы себебінен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған балаларға өтемақы төленеді.

Яғни құжат негізінде 1 топтағыларға - 2,81 күнкөріс мөлшеріне дейін, екінші топтағыларға - 2,40, үшінші топ үшін - 2,01 күнкөріс мөлшері көлемінде жәрдемақы белгіленген. Сонымен қатар, ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар - 19 мың 685 теңге көлемінде ай сайын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады.

Ал мүгедектіктің ядролық қаруды сынаумен себепті-салдарлық байланысы болса – 7,55 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақы төленеді. Бұдан бөлек бұрынғы Семей облысының аумағында және Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының полигонға іргелес аудандарында тұратын және тұрған азаматтар үшін ядролық сынақтардан келтірілген залал үшін біржолғы ақшалай өтемақы көзделген. Өтемақы мөлшері тұратын аймағына, кезеңіне және өтемақы берілген күні қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің шамасына қарай жеке айқындалады.

Айта кетерлігі, 1996 жылдан 2021 жылға дейін аталған өтемақыны 16,5 млрд теңге сомасында 1 млн астам адам алды. Сонымен қатар 2022 жылы өтемақы алуға тағы 265 адам жүгінді. Бұдан басқа, төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған адамдардың жасына байланысты зейнетақы төлемдерін жеңілдікпен тағайындауға құқығы бар.