Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты хабарлайды. ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 6 мыңнан астам мәдени шара өткізуді жоспарлап отыр, деп мәлімдеді бүгін алқа мәжілісінде ведомство басшысы Арыстанбек Мұxамедиұлы. «Мемлекет басшысының шешімімен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне ЕХРО-2017 аясындағы шаралар жүктелді. Ведомство кешендік бағдарлама дайындады, ол шара аясында алты мың бұқаралық мәдени шара өткізуді қарастырады», - деді ол. Министр атап өткендей, отандық мәдениетті ЕХРО аясында таныстыру Қазақстанның халықаралық имиджін қалыптастырудағы басты шара болмақ. Естеріңізге салсақ, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне 200 елдің ұйымы қатыспақ. Қазіргі таңда 70 ел өздерінің ресми қатысуын растады, тағы 26-сы қатысуға сәйкес келісімшарттарға қол қойды. Үш ай ішінде көрмеге 5 млн қонақ қатысады деп жоспарлануда.