Өзбекстан мектептеріне қазақ тіліндегі оқу құралдары тапшы

Өзбекстан мектептеріне қазақ тіліндегі көркем әдеби кітаптар жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір көрші елде 290 білім беру ұясында оқушылар таза қазақ тілінде оқиды. Білімін кеңейтіп, төл тарихты терең білу үшін тиісті кітаптар тапшы екен. Осы және өзге де мәселелерді қазақ мәдени орталығының өкілдері Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаевамен Ташкентте өткен кездесу барысында көтерді. Айтуларынша, қазақтың тау тұлғалары жайлы жазылған кітаптардың электронды нұсқасы қажет. Сонымен қатар қазақстандық газет-журналдарға жергілікті қазақтардың қол жеткізу мәселесі де өткір тұр. Көкейкесті сұрақтардың оң шешілуіне Ақпарат және қоғамдық даму министрі атсалысуға уәде берді.

Серікбай Үсенов, Республикалық қазақ мәдени орталығының төрағасы:

- Қазақстанда 100-ге жақын газеталар шығады. Сол газеталарды Өзбекстанға жіберіп, соны біз үлкен-үлкен қазақтар шоғырланған жерлерге газеттерді беріп, сол Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды естісек, жақсылықтарды естісек, әлбетте көңіліміз көтеріліп, Қазақстанда, ата-жұртымызда болып жатқан жақсылықтарды көрсек дейміз. Солардың барлығын мектептерге жеткізсек дейміз. Қазақ мектептерді сол шөлдеп тұрған сусынын қандырсақ деген көп мәселелер шешілді деп ойлаймын.