Қарағандыда ертегі кітаптар таныстырылды

Қарағандыдағы Қасым үйінде «балалар әдебиеті жылы» аясында ертегі кітаптардың таныстырылымы өтті.

Мәселен, «Берке аю және кәсіп» деп аталатын кітапта іскер аюдың кәсіп ашуға деген ынтасы, сол арманына жету жолындағы бастан кешкен қызықты хикаялары баяндалады. Автор осы арқылы бүлдіршіндерді есеп-қисапқа үйретіп, қаржылық сауатын арттыруды мақсат тұтқан. Кітаптың әр беті көздің жауын алатын түрлі-түсті суреттермен безендірілген, соңында кішкентай оқырмандарға арналған сауалдар бар. Ал ертегінің аудионұсқасына арнайы сілтеме берілген. Жоба жетекшілері тек соңғы екі жыл ішінде 30 мың тиражбен 11 кітапты жарыққа шығарыпты. Олар 4 құндылықты қазық етіп алған: адами, ұлттық, таным және қоршаған орта. Солардың барлығын бір арнаға тоғыстырып, өскелең ұрпақтың санасына ертегі арқылы жеткізуді көздейді.

Айбек Қуатбай, жоба авторы:

- Қазір балалар арасындағы ең танымал кітабымыз осы, ең көп өтетіні де осы. Неге десеңіз, балалардың миына аю сіңіп қалған. Біз енді сол сіңіп қалған аюды басқа бір персонажбен ауыстыруға уақыт жұмсаймыз. Сондықтан сол аюды алдық та, ол аюды қазақша сөйлеттік. Кітабымыз ол сериялы кітап болады. «Берке аю және кәсіп» деп тұр қазір. Болашақта «Берке аю және денсаулық», «Берке аю және білім» деп кете береді.