Орталық Азия елдеріндегі жоғары білім сапасын арттыру қолға алынды

Осыған орай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан білім министрліктерінің өкілдері Орталық Азия елдеріндегі жоғары оқу орындарының ректорлары елордада жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосуда Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігінің бюросын құру туралы бірлескен шешім қабылданды. Оның құрамына әр елдің өкілі кіре отырып, тепе-теңдік шартымен әрекет етуге уағдаласты. Бюроның миссиясы – аймақтағы Болон реформаларын ілгерілету арқылы Орталық Азия елдеріндегі жоғары білімнің сапасын арттыру. Жаңа мекеме Ғылым және жоғары білім министрлігінің Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығында орналасатын болады.

Саясат Нұрбек, ҚР ғылым және жоғары білім министрі:

– Біз Орталық Азиядағы жоғары білім беру кеңістігін студенттер мен жоғары оқу орындарының академиялық құрамы оқу, білім, тәжірибе алмасу, үшін кедергісіз қозғала алатын еркін аймақ ретінде көреміз. Биыл Қазақстан шетелдік азаматтарға арналған стипендиялық бағдарлама шеңберінде Орталық Азия білім беру кеңістігіне кірген елдердің азаматтарына 186 грант бөлді.