Еуро теңгеге шаққанда арзандады

Шетелдік валюта бір жыл ішіндегі ең төмен мәнге жетіп, 496 теңге болды. Бұл осы жылдың мамыр айында байқалған ең жоғары деңгейден 30 теңгеге төмен. Теңгенің еуроға қатысты нығаюы мұнайдың қымбаттауына, сондай-ақ еуроның АҚШ долларына және басқа да резервтік валюталарға қатысты әлсіреуі салдарынан болды, дейді @Tengenomika сарапшылары.

ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТЫ ЖОЮҒА АРНАЛҒАН ЖОБА ӘЗІРЛЕНДІ

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы цифрлық экожүйе жобасын жасады. «Жоба – кәсіпкер, бизнес және билікті байланыстырып, қағазбастылықты азайтады» дейді палата өкілдері. Саланың жұмысын сандық форматқа көшіру шоттарды бұғаттау, тендерге қатысу, салықтық төлем жолдарын жеңілдетпек. Сонымен қатар, Ұлттық палата орта және шағын бизнеске қысымды азайту, ауылшарушылық кешенін қолдау, микро және шағын кәсіпкерлікті несиелендіру үшін жаңа бағыттарды енгізіп, сандық форматқа көшіру жолында тың жобаларды қолға алмақ.

Шыңғыс Темір,  «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары: 

– Цифрлық экожүйе – кәсіпкер, бизнес пен билікті байланыстырып, бюрократиялық кедергілерді азайтады. Мысалы, жүйе арқылы кәсіпкердің шоты бұғатталатын болып жатса, біз оны алдын ала көреміз. Ол өзінің қарызын жаба алады немесе салық ұйымының шешімімен келіспеген жағдайда құзырлы органға шағымдана алады. Оның ұсынып отырған тауары мен қызметі бойынша тендер ұйымдастырылып жатса, біз де оны алдын ала ескертеміз. Сертификаттарды алу процедурасын жеңілдетеміз. Бизнес жүргізу үшін қажетті құжаттардың тізімі анағұрлым қысқарады.

 

ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ СЪЕЗІ ӨТЕДІ

Пандемия сауда және қызмет көрсету саласына қатты әсер еткен. Арнайы зерттеулер бұл саланың басты үш проблемасын айқындады. Палата өкілдерінің айтуынша, кәсіпкерлердің  39%-і еңбекақы төлеу қорынан салық пен төлемдерден босатуды,  21% мүлік салығынан босатуды, ал 17% несиені қайта қаржыландыруды талап еткен. Өз кезегінде кейбір бағыттар бойынша мемлекет тарыпынан уақытша жеңілдіктер жасалды. Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекті Съезі өтеді. Жиында бизнес өкілдерін қолдауға бағытталған жобалар таныстырылады. Айта кетейік, елімізде 1 миллион 300 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъекті жұмыс істейді.

 

МҰНАЙ БАҒАСЫ РЕКОРДТЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТТІ

Мұнай бағасы 2018 жылдың қараша айынан бері ең жоғары деңгейге жетті. Бұл барреліне 78 доллар. Яғни сарапшылардың сөзімен айтсақ, барреліне 80 доллар болатын психологиялық көрсеткіштен сәл төмен. Ал әлемдік қор нарықтарындағы мұнай валюталарының бағамы АҚШ долларына шаққанда нығая түсті. Goldman Sachs Еуропа нарығында табиғи газдың тапшылығына байланысты мұнай барреліне $90 дейін өседі деген болжам жасады. Бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

Отандық экономист Қайырбек Арыстанбековтың айтуынша, мұнай қымбаттағанда экспорт ұлғаяды. Демек, төлем балансындағы ағымдағы есепшот тапшылығы азаяюы мүмкін. Егер ағымдағы есепшот тапшылық берсе, онда ұлттық валюта құнсыздана береді. Ал бұл көрсеткіш өссе, теңге нығаяды деп түсіндірді экономист.

Қайырбек Арыстанбеков, экономист:

– Мұнай бағасы өсуінің бірнеше себебі бар. Бірінші АҚШ-та мұнай өндіру көлемі қысқарды. Өнім азайған сайын сұраныс көбейіп жатыр. Екіншіден ОПЕК ұйымына кіретін мұнай экспорттайтын мемлекеттерде мұнай өндіру жылдамдығы азайып кетті. Қара алтын құны одан әрі көтерілсе, әрине, бізге жақсы. Бірақ мұның Қазақстан үшін кері үдерісі де бар. Мысалы біздің елде ол «голланд ауруына» әкелуі мүмкін. «Голланд ауруы» дегеніміз шикізаттық емес секторды, яғни өңдеу өнеркәсібін тұншықтырып отырады. Сондықтан Ұлттық банк валюта бағамына қатты қарау керек.

 

АЛДАҒЫ ОН ЖЫЛДА ҚАЗАҚСТАНДА ГАЗ ӨНДІРУ 40%-КЕ ҰЛҒАЯДЫ

Алдағы он жылда Қазақстанда газ өндірісі 40%-ке ұлғаяды. IHS Markit болжамы бойынша Қазақстан жылына кемінде 70 млрд текше метр газ өндіретін болады. Олардың жартысына жуығы  қайтадан пластқа айдалады. Бұл кен орындарының қабаттық қысымын сақтау үшін қажет делінген хабарламада. Мысалы, былтыр елімізде 55 млрд текше метр газ өндірілді. Соның 17 млрд текше метрі қайтадан пластқа айдалды. Ал электр қуатын өндіруге және басқа да технологиялық қажеттіліктерге 10 млрд текше метр кетті. Өңделген 27 млрд газдың 17 млрд текше метрден астамы ішкі нарыққа, ал қалған астамы экспортқа бағытталған. Жалпы соңғы жылдары бұл шикізатты тұтыну көлемі артқан. Соңғы бес жылда Қазақстанда тауарлық газды тұтыну 63%-ке ұлғайды.