Қазақстан Беларусь Республикасына мұнай жеткізеді

Қазақстанның Беларусь Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу мәселесі күздің соңына қарай шешілуі мүмкін.

Бұл туралы бүгін Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қыркүйек айында ведомство тиісті құжатты Парламент қарауына ұсынады. Кейін мұнайды сату жоспары мен оның көлемі анықталады.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Үкімет басшысы Асқар Мамин Беларусь премьер-министрімен мұнай өнімдерін жеткізу жайында келіскен еді.

Айта кетейік, былтыр Қазақстан 70 миллион тоннаға жуық мұнай экспорттаған. Биылғы меже де осындай.

Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрі:

- Жақында екі елдің премьер-министрлері тиісті келісімге қол қойды. Енді оны ратификациялау керек. Бүгін Парламенттің жетінші сессиясы жабылды. Енді депутаттар күзде өз жұмысын бастағанда біз барлық құжаттарды дайындап, Парламент қарауына жібереміз.