Орталық Азияның шикізаттық емес секторына 70 млрд доллар инвестиция тартылуы мүмкін

Шанхай ынтымақтастық ұйымының алаңында алғаш рет Орталық Азия елдерінің инвестициялық әлеуетінің таныстырылымы өтті. Қытай компанияларының өкілдеріне аймақтың туризм, ауылшаруашылық пен өзге салалардағы мүмкіндіктері баяндалды. Халықаралық сарапшылардың есебінше, алдағы 10 жылда Орталық Азияның шикізаттық емес секторына 70 млрд доллар мөлшерінде тікелей инвестиция құйылуы мүмкін.

Іс-шараға Қытайдың 70-тен астам кәсіпорын өкілдері жиналды. Сондай-ақ Қытай мемлекеттік органдары, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің дипломатиялық және сауда өкілдіктері қатысты. Форумға қатысушылар ұйымға мүше мемлекеттерде әлем халқының 60 проценті тұрып жатыр, ал Орталық Азия барлық тараптың бас қосқан орталық алаңына айналды дейді.

Владимир Норов, ШЫҰ Бас хатшысы:

- Бүгінгі күнде Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда Орталық Азия елдерінің инвестициялық әлеуеті зор. Шетел инвесторларына ең қолайлы жағдай қағидаты қолданылады, адал кәсіпкерлерге ыңғайлы орта құру мен қолдауға екпін беріледі. 

Ұйым құрылғалы бері оның құрамына Орталық Азияның 4 мемлекеті мүше. Аймақта тұратын халық саны 70 миллион. Әрбір ел инвестициялық климатты жақсарту үшін белсенді әрекет етіп келеді. Еркін сауда аймақтары құрылып, шекарааралық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Халықаралық сарапшылардың есебінше, алдағы 10 жылда Орталық Азияның шикізаттық емес секторына 70 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылуы мүмкін.

Ван Кэвэнь, шетелдегі кәсіпорындарды дамыту бойынша Қытай қауымдастығы бас хатшысының орынбасары:

- Жаңа энергетика саласында ынтымақтастық дамытудың әлеуеті зор. Бұл жел, күн және су қуаты. Болашағы зор салалар қатарында жеңіл өнеркәсіп, цифрлық экономикамен байланысты салалалар, шекарааралық электронды сауда, жаңа технологияларды атауға болады.  

Пленарлық сессиядан кейін Қытай бизнес құрылымдары мен Орталық Азия елдерінің өкілдері ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқыға салды. Кейбіреуі тиісті құжаттарға қол қойып, келісімін бекітті.

Нұрлан Аққошкаров, Қазақстанның ШЫҰ Хатшылығындағы тұрақты өкілі:

- Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің бастауымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығында ШОС мүшесі болатын төрт Орталық Азия мемлекеті инвестициялық әлеует бойынша форум өткізді. Форум Қазақстан атынан үш ұлттық компания, ол Kazakh invest, «Самұрық-Қазына» және Астана қаржы орталығы қатысуымен өтті. Бұл іс-шара ШОС алаңында бірінші рет өтіп отыр, және біздің осы үмітіміз жыл сайынғы инвестициялық бағыт бойынша дәстүрлі іс-шараға айналады деген үміттеміз.  

Орталық Азия елдері эконмикасының құрылымы бір-біріне ұқсас. Сауда көлемі артып, өзара байланыс нығайып келеді. Форумға қатысушылардың пікірінше, осы артықшылықтарын пайдаланып, қосылған құны жоғары салаларды дамытуға болады.

Ботагөз Сырғабаева