Елдің кеден бекеттерінде жұмыс жүйесі өзгертіледі

Енді Қытаймен шекарадағы кеден бекеттерінің жұмыс жүйесі өзгертіліп, қоғам және мемлекет тарапынан жіті бақылауға алынады, деп хабарлайды Хабар 24.

«Нұр жолы» өткізу пункті мен «Құрғақ порт» және «Алтынкөл» станциясына барған қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осылай деді. Бас қаржыгер кәсіпкерлермен кездесіп, олардың көкейкесті мәселесін тыңдады. Жұмыс сапарында бірқатар лауазым иелерін жұмыстан шығарды. Кеден бекеті арқылы ісін ілгерлертіп отырған Салтанат Нұралиқызы бір жарым жылдан бері тұрақты жұмыс істей алмапты. Өйткені осыған дейін тауар тасымалдауда бір ғана жеке компанияға басымдық беріліп келді,– дейді ол. Кәсіпкер өздеріне қатысты бірнеше өзекті мәселені көтерді.

Салтанат Нұралиқызы, кәсіпкер

– 4 құрылым біздің жұмысымызға кедергі келтіріп отыр. Біріншісі – «Евротранзит». Екіншісі – «Гоу Карго», бастамашыл топ пен жедел штаб. Сондықтан «Евротранзитті» алып тастап, «Гоу карганың» жұмысын әскерилерге жүктеу керек. Бастамашыл топ пен штабты тарату қажет. Кеден бекетінде кеден қызметкерлері мен әскерилер ғана болсын. Жұмысты одан басқа ешкім бақыламауы тиіс. Өйткені бұл мемлекеттік кеден бекеті. Осыларды алып тастаса, халық бұрынғыдай кіріп-шығатын болады. Бізге ортадағы делдал керек емес.

Енді кеден бекеттері арқылы тауар тасымалдаушылардың барлығына бірдей мүмкіндік жасалмақ. Кәсіпкерлерге жеке компаниямен қатар мемлекеттік оператор да қызмет көрсетеді.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР қаржы министрі:

– КТЖ экспреспен әрі қарай етене жұмыс істейтін боламыз. Себебі олар мемлекеттік оператор болады. Мемлекетке көбірек ақша түсуге және бизнесмендердің проблемаларын шешуге және экспорттық импорттық операцияларды тез жүргізуге септігін тигізеді. Себебі олардың тиісті инфроструктуралары бар. Біз сол жұмыстарды үйлестіре алсақ, тауар айналымын жоғарылатып, тауар айналымынан түсетін кедендік БАЖ салықтарынан түсетін түсімді көбейте аламыз. Біз жаңа Қазақстанды жаңа форматтағы ережелерді белгілеу, қазір бәрі ашық болады. Қоғам тарапынан мемлекет тарапынан бақылауға алынады.

Қаржы министрі құрғақ порттың мүмкіндіктерін көріп, жоба жоспарларымен танысты. Сонымен қатар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысын және «Достық», «Алтынкөл» станцияларының жетекшілерін қызметінен босатты.

Айта кетейік, Президент тапсырмасынан кейін шекаралық бекеттерде кешенді тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов