Қазақстан қиындыққа тап болған мемлекеттерге 3,6 млн доллар гуманитарлық көмек берді

Жылдың алғашқы тоқсанында еліміз өзге мемлекеттерге 9 млн доллардан асатын гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар былтырғы қарқын мұндай болмағанын айтады. Биыл бізден көмек алатын елдердің қатары артты.

Былтыр еліміз қиындыққа тап болған мемлекеттерге 3,6 млн доллар болатын гуманитарлық көмек жіберді. 2022-нің алғашқы үш айында-ақ 9,4 млн доллардың өнімін игі мақсатқа аттандырдық.

Финпром.кз порталы көмек түрінде дәрі-дәрмек, азық-түлік, киім-кешекпен қоса, өзге де жабдықтар шетел асқанын хабарлады. Ауғанстан мен Тәжікстан Қазақстаннан тұрақты түрде жәрдем алып отырады. Биыл олардың қатарын Украина, Польша және Венгрия толықтырды. Экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, халықаралық рейтинг агенттіктерінің оң бағасын алу үшін қиындыққа ұшыраған мемлекеттерге көмек қолын созу маңызды. Бұл арқылы инвестициялық дәрежемізді арттыруға болады. Әр мемлекеттің сыртқы қарыз лимиті ЖІӨ-ге шаққанда 60 проценттен аспауы тиіс. Біздегі көрсеткіш 40 % шамасында. Демек, Қазақстан тұрақты экономикалық қалыптасқан мемлекетке жатады. Сарапшының айтуынша, әлемдегі беделімізді төмендетпеу үшін тиімді бағдарламаларды дамытып, халықтың жағдайын түзеу қажет.

Бауыржан Ысқақов, экономика ғылымдарының кандидаты:

– Көңілді түсіретін жағдай, ол халықтың төлем қабілетінің төмендеп кетуі. Екінші деңгейлі банктердің алдындағы халықтың несиелік қарыздары өте жоғары. 18-19 млн халықтың еңбекте жарамдысы 9,5-10 млн деп айтатын болсақ, сол 10 млн халықтың 6-7 млны екінші деңгейлі банктердегі қарыз. 6,5-7 млны-ның жартысынан астамының қарыздары 90 күннен асып кеткен. Осындай кері көрсеткіштер біздің халықаралық рейтингтегі біздің төлем қабілеттілік көрсеткішін төмендетуге де әсерін тигізеді.

ӘЛЕМДЕ БИДАЙ ҚЫМБАТТАДЫ

Үндістанда бидай экспортына тыйым салынғалы әлемдік нарықтағы баға бірден шарықтап кетті. Бұған дейін экспорттың 30 процентін қамтып келген Ресей мен Украинадағы әскери қақтығыс салдарынан бидай 60 процентке қымбаттаған еді, міне қор биржасындағы сауда-саттық нәтижесінде тағы да 6 процентке, яғни 13 долларға өскені белгілі болды. Ал Үндістан бидай экспортына азық-түлік қауіпсіздігін қамту үшін шектеу қойды. Бірақ мамандар бұл шешімнің тауар тапшылығына әкелетінін айтып дабыл қағуда. Әсіресе, дамушы мемлекеттер үнді бидайын тұтынып келген.

АҚШ ӨНДІРУШІЛЕРІ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ

Көгілдір отынның қымбаттауы АҚШ-тағы өндіріске кері әсерін тигізді. Елдегі ірі компаниялар шығынға батты. Сол себепті тауарлар да қымбаттай түскен. Десе де мемлекет Еуропалық одаққа газ экспортын арттыра бермек. Демек, кәсіпорындардағы қымбатшылық әзір тоқтамайды. Олар тұтынушыларына осындай ескерту жасады. Ірі құрылыс материалдарын өндіруші бір жылдағы шығын 100 млн доллардан асу мүмкін дейді.