Джо Байденді ұлықтау рәсімі қалай өтеді?

Ертең Вашингтон қаласында АҚШ-тың 46-президенті атанатын Джо Байденді ұлықтау рәсімі өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл салтанатты шара әр төрт жыл сайын дәстүр бойынша 20 қаңтарға белгіленіп, мыңдаған көрермен және әскери парадпен есте қалатын. Алайда ковид індетінің таралуына байланысты биылғы рәсімге көптеген шектеу қойылды. Ұлықтау рәсімі биыл қалай өтеді және қаладағы қауіпсіздік шаралары қандай деңгейде?

АҚШ тарихындағы президентті ұлықтаудың 59-рәсіміне дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл күндері Вашингтон құдды бір әскери аймаққа айналғандай. Өйткені күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе қауіпсіздік шаралары. Ресми ақпараттар бойынша қаладағы қауіпісіздікті қамтамасыз етуге ұлттық гвардияның 25 000-ға жуық сарбазы жұмылдырылып, жүздеген әскери техника тартылған. Ал қала 3 негізгі бақылау аймағына бөлінген. Сонымен қатар, орталық көшелерінің барлығы жабылып, арнайы блок бекеттер қойылған. Вашингтон округінің мэрі Мюриел Боузер Капитолиге басып кіріп, радикалдық әрекетке барған Трамп қолдаушыларының кезекті шабылуы 20 күні де болуы мүмкін деп мәлімдеп, қаладағы төтенше жағдайды қаңтардың 21-не дейін ұзартқан еді.

Мюриел Боузер, Колумбия округінің мэрі:

– Ұлықтау рәсімі бұрынғыдан өзгеше болары сөзсіз. Президенттік биліктің Дональд Трамптан Джо Байденге бейбіт формада өтуі үшін барлық жағдай жасалуда. Дәл қазір мен өзім үшін емес, еліміздің демократиясы үшін алаңдаудамын. Екі апта бұрынғы тәртіпсіздік пен шабуылдың қайталануына жол бермейміз. Вашингтон қаласының осындай маңызды шараны өткізетіні барлығымызға жауапкершілік артады.

Нью-Йорк Таймстің мәліметі бойынша Вашингтоннан бөлек АҚШ-тың Калифорния, Орегон, Мичиган, Уисконсин, және Кентуки сияқты өзге де құбылмалы штаттарының орталықтарында да қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Құпия қызмет пен Федералды Тергеу Бюросының (FBI) мәліметінше алаңдауға негіз жоқ. Биылғы ұлықтау рәсімінің тағы бір ерекшелігі ковид індетіне байланысты дәстүрлі шеру жанкүйерсіз өтеді. Америкалықтар онлайн форматтағы мерекелік бағдарламадарды тамашалай алады. Капитолидің алдындағы National Mall алаңына 200 мың жалауша орнатылды. Бұл ұлықтау рәсіміне қатыса алмайтын америкалықтарды бейнелейтин символ ретінде орнатылды дейді ұйымдастырушылар.

жергілікті тұрғын:

– Байденнің ұлықтау рәсіміне орай қаланың өзшергені мені таң қалдырды. Вашинтонда 20 жылға жуық өмір сүремін. Бұрын соңды мұндай сақтық шараларын көрмедім. Бұл қанша дегенмен біздің демократиямыздың, бостандығымыздың символы емес пе? Бірақ қазір барлығы өзгеше.

Ұлықтау рәсімі америкалықтардың ішкі мейрамы саналғандықтан, әдетте шетел басшыларына шақырту жіберілмейді. Алайда АҚШ-тың бұрынғы президенттерінің бірқатары Байденнің ант қабылдауына қатысады деп күтіліп отыр. Олардың қатарында, Барак Обама, Джордж Буш және Билл Клинтон бар. Байденді ұлықтау рәсімі ертең Вашингтон уақыты бойынша түскі сағат 12-де өтеді.

Талғат Алманов, Ринат Сабыров