Кабулдағы жарылыстардан үш адам мерт болды

Ауғанстанның астанасы Кабул қаласында бір күнде екі мәрте жарылыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан 3 адам қаза тапты, тағы оннан астам тұрғын жарақат алған. Мерт болғандар мен зардап шеккендердің арасында полиция өкілдері бар. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бірінші жарылыс шаһардың қақ ортасындағы сауда орталығының маңында болған. Автокөлікке орнатылған екінші жарылғыш Кабулдың солтүстігінде іске қосылған. Әзірге лаңкестік әрекетке қатысты жауапкершілікті ешбір ұйым мойнына алған жоқ. Қанды оқиғаға қатысты тергеу басталды.

Амир Мохаммад, куәгер:

- Жарылыстың дыбысын естігенде дүкеннің ішінде болдым. Сыртқа шыққанда полиция көлігінің өртеніп жатқанын көрдім. Жарақат алған бірнеше адамға қолдан келгенше көмек көрсеттік.