Венгрияда қыста жылыту мәселесі өзектіге айналды

Венгриядағы ауыл тұрғындары үшін қақаған қыста үйді жылыту басты мәселеге айналған. Сарапшылар «бұл қоршаған ортаны қорғауға қатысты түрлі жиындар өткізіп, дабыл қағудан алдына жан салмайтын Еуропалық Одақ үшін үлкен сын деп біледі. Себебі Мажарстан кәрі құрлық елдерінің бірлестігіне 2004 жылдан бері мүше. 

Биік мінберден ғаламдық жылыну, зиянды газ қалдықтары және пластик қоқыстар туралы айту оңай. Әлемнің тұтқасындай көрінетін астаналарда экологтардың айқай-шуға толы шерулері көптеп өтеді. Бұл ұрандарға құлақ асуға Венгрияның шалғайындағы ауылдар құлықсыз. Олардың бар қайғысы бала-шағасын тоңдырып алмау. 5 баласы бар 28 жастағы жігіт ағасының отын сатып алуға ақшасы жоқ. Сондықтан ол мазут, пластик, әйтеуір қолына түскеннің бәрін пешке тастайды.

Золтан Берки, жергілікті тұрғын:

- Отын алсақ, тамаққа ақшамыз жетпей қалады. Сондықтан түнде орманға барып, қоқыс жинаймын. Пластмасса, резеңке, бәрін жағамыз. Мұндайларды күндіз терсең, көзге түсесің. Ағаш бұтау ақылы.

Күлімсі иіс пен көк түтін қоршаған ортаны ластап-ақ жатыр. Ауа қабатындағы зиянды қалдық деңгейі шекті нормадан асып кеткен. Венгрия ластану кесірінен көз жұмғандар саны бойынша Еуроодақта үшінші орында тұр. Еуропалық сот та ел билігіне шағым түсірген.

Джудит Сзего, экологиялық ұйымның өкілі:

- Венгрияда жыл сайын 13 мың азамат ластану салдарынан ажал құшады. Нашар экология 2 миллионға жуық тұрғынның денсаулығын құртқан. Билік проблеманың себебін жоймай,  салдарымен күресуге жүздеген миллиард ақшаны текке жұмсауда.

Үкімет соңғы жылдары экологияны біраз жақсарттық деп есеп берген. Бірақ жергілікті экологтар мұнымен мүлде келіспейді. Олар билік қағаз жүзінде өтірік ақпарат беріп отыр деп айыптайды. 

Авторы: Ернат Қашқынов

Сондай-ақ...