Испандықтар биліктен қамауға алынған рэперді босатуды талап етіп жатыр

Испанияда рэпер Пабло Асель қамауға алғаннан кейін басталған наразылық шерулері әлі тоқтаған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиылған көпшілік биліктен жас әншіні босатуды талап етіп жатыр. Шерудің арты кешқұрым бүлікке ұласқан. Бұзақылар полицейлерге түрлі зат лақтырып, дүкендердің терезелерін сындырды. Қоқыс жәшіктерін де өртеп жатыр. Қақтығыс кезінде 13 адам жарақат алып, бірнешеуі қамалған.

Хуана Джунса, студент:

- Бізге Пабло Асельді шын қолдауға келген адамдар мен бүлік шығарып жатқандарды ажырату қажет .Сондықтан полицияның қоршау қойғаны дұрыс. Мен қарақшылық, бұзақылық әрекеттерге қарсымын.

Еске сала кетейік, Испаниядағы наразылық шерулеріне өткен аптада жергілікті соттың Пабло Аселді 9 айға қамау туралы шешімі түрткі болды. Рэпер 2018 жылы «Твиттерде» террорлық әрекеттерге қолдау білдіріп, патша әулеті мен мемлекеттік органдарға ғайбат сөздер айтқан. Содан бері елдің ірі қалаларында тәртіпсіздіктер тоқтамай келеді.