Британияда тамыз айына дейін халықтың 80% вакциналанады

Ұлыбритания билігі жасы 18-ге толған барлық ересек адамдарды шілде айының соңына дейін вакциналауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің Денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок осылай деп мәлімдеді. Бұл 54 миллион адам, яғни корольдік халқының 80 проценті. Шенеунік күн сайын 1 миллионға жуық адамды егуге мүмкіндік бар дейді.

Айта кетейік, Ұлыбританияда қазір халықты коронавирусқа қарсы вакциналаудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Екпені жасы 50-ден асқан тұрғындар мен созылмалы ауруы бар адамдар алуда. Вакцинаның бірінші дозасын салдырғандар саны 17 миллионнан асқан.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

– Барлық адам індетке дейінгі қалыпты өмірге тезірек оралуды қалайтынын түсінеміз. Бірақ өте сақ болу қажет. Қазір ауруханаларда әлі 20 мыңға жуық науқас емделіп жатыр. Халықты вакциналау шарасы ойдағыдай жүріп жатыр. Екпенің екінші дозасын салдыру өте маңызды екенін де айта кеткім келеді.