ЕО Ұлыбританияға вакцинаны экспорттауды тоқтатуы мүмкін

Еуропалық одақ Ұлыбританияға өзінде шығарылатын коронавирусқа қарсы вакцинаны экспорттауды тоқтатынын айтып сес көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенның мәлімдеуінше, британиялық «AstraZeneca» компаниясы одаққа келісілген екпе көлемін жеткізбеген. Ал Еуропада індеттің үшінші толқыны басталғандықтан, одақ аумағында препарат жетпей, қиын жағдай туындауы мүмкін.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия төрағасы:

– Біз одаққа мүше елдерде індеттің үшінші толқыны туындап келе жатқанын көріп отырмыз. Егер жағдай өзгермесе, бізге екпелерді экспорттау мәселесін қайта қарауға тура келеді. Әсіресе вакциналау қарқыны одақтағы деңгейден жоғары елдерге екпені жеткізу тоқтатылуы мүмкін.

Ал Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Доминик Рааб Еурокомиссияның мәлімдемесі екі ел арасындағы қатынасты шиеленістіруі мүмкін екенін айтады. Себебі Еуроодақ бұған дейін вакцинаны экспорттауда ешқандай шектеу болмайтынын уәде еткен дейді.

Доминик Рааб, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:

– Біз Еуроодақ тарапынан мәселеге қатысты түсініктеме беруін сұраймыз. Өйткені Еурокомиссияның қазіргі мәлімдемесі бұған дейінгі уәделеріне қайшы. Біз Еуроодақ келісімшарт бойынша өзіне алған міндеттерді орындайды деп үміттенеміз.