Испания эвтаназияға рұқсат берген сегізінші ел атанды

Мұндай құқықты елде тұруға рұқсаты бар кәмелет жасына толған азаматтар пайдалана алады.

Испания парламентіндегі 350 депутаттың 202-сі эвтаназияны заңдастыруды қолдап дауыс берді. Бұл туралы RTE басылымы хабарлайды.

«Бүгін маңызды күн: біз азаматтардың құқығын мойындау бағытында келе жатырмыз. Біз адами және әділетті қоғамға қарай бағыт алдық», – дейді денсаулық сақтау министрі Каролина Дариас.

Бұл заң үш айдан соң күшіне енеді. Оған дейін өңірлерде тиісті процедураларға өтініштерді қарайтын комитеттер құрылады.

Эвтаназияны қолдануға құқық адамның айықпайтын, созылмалы аурудан қатты қажығаны расталған жағдайда беріледі екен.

Эвтаназияға рұқсат алу үшін әр адам өтінішті өзі беріп, өтініш қаралып жатқан мерзімде кем дегенде төрт рет растауы керек. Өтініш беруші кез келген уақытта өтінішінен бас тарта алады.

Осылайша Испания аталған процедураға рұқсат берген сегізінші ел атанып отыр.