Индонезия билігі су тасқыны мен лай көшкінінен көз жұмғандардың санын нақтылады

Соңғы дерек бойынша табиғат апатынан 163 адам опат болған.

Қазір елде із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Азиядағы бұл мемлекет тасқын судан зардап шегіп жатса, АҚШ-тың Калфиорния штатында керісінше қуаңшылық болатын түрі бар. Салдарынан өңірге орман өртінің қаупі төніп тұр. Ал Еуропа елдері аномальді суық ауа райынан кейін біраз шығынға батқан.

Соңғы ақпарат бойынша Индонезияда көз жұмған 163 адамнан бөлек су тасқыны мен лай көшкінінен тағы 44 адам жоғалып кеткен. Қазір оларды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Табиғат апатынан ең қатты зардап шеккен Шығыс Нуса-Тенгара провинциясында төтенше жағдай тәртібі енгізілді. Өйткені мамандар қауіптің беті әлі қайтқан жоқ дейді.

Доминикус Карангола, эколог:

– Шығыс Нуса-Тенгара провинциясындағы табиғат апаты – климаттың өзгеруінің салдары. Мұның салдары әсіресе біз секілді шалғай өңірлердің халқы үшін ауыр болады.

Калифорнияға орман өртінің қаупі төніп тұр       

Ал Калифорнияда керісінше, су тапшы. Мамандар алдағы жазда құрғақшылық болатынын айтады. Салдарынан орман өртінің қаупі төніп тұр. Былтыр от бір жарым миллион гектардан астам аумақты шарпыған. 31 адамның өмірін қиды. Билік бұл жолы өткен жылғы жағдай қайталанбас үшін орман өртімен күреске 536 миллион доллар бөлетінін мәлімдеді. Сонымен қоса штат басшылығы қосымша 1400 өрт сөндірушіні жұмысқа алған.

Гэвин Ньюсом, Калифорния штатының губернаторы:

– Мұның бәрі климаттың өзгеруімен байланысты. Соның салдарынан жыл сайын ыстық аймақтарда температура одан сайын жоғарылап, құрғақ өңірлерді одан да бетер қуаңшылық жайлап барады. Сондықтан биыл алдын ала қамдануды жөн көрдік. Орман өртінің алдын алу және оның салдарымен күреске жарты миллиард доллардан аса қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық. Енді алдағы күндері оны Сенат мақұлдауы тиіс.

Еуропадағы аномальды суықтың салдары

Ал Еуропа елдерінде осы аптада күн күрт суытып, халықты біраз әбігерге салды. Мәселен, Сербияда күтпеген жерден қар жауды. Францияда күннің күрт суытуы салдарынан шараптарымен бүкіл әлемге танымал Шабли өңіріндегі жүзімдер үсіп қалуы мүмкін. Сондықтан фермерлер егістік алқаптарында от жағып, өнімді аман алып қалуға тырысып жатыр. 

Жұлдыз Атагельдиева