Әлемдегі атыс қаруының 45 проценті АҚШ халқының қолында

Америка Құрама Штаттарында атыс жиілеп, адам өлімі артты. Ел президенті Джо Байден күннен күнге ушығып бара жатқан жағдайды эпидемияға теңеп, қару-жарақты сату талаптарын қатаңдатуға шақырды. Бүгін елдің солтүстік штатында тағы бір оқыс оқиғадан біренеше адам мерт болды.

Талғат Алманов, тілші:

- Бүгін Висконсин штатының Кеноша қаласында түнгі сағат бірлердің шамасында тағы бір қайғылы жағдай болды. Қарулы атыстың салдарынан үш адам қайтыс болып, екеуі ауыр жарақат алып, олар ауруханаға жеткізілді. Жергілікті полиция өкілдерінің айтуынша, күдікті оқиға орнынан ізін суытқанымен бірнеше сағаттан кейін тәртіп сақшылардың қолына түсті. Ол қылмысты қандай себеппен жасағаны әзірге белгісіз. Есесіне Кеноша қаласының құқық қорғау органдары жергілікті халықты сабырға шақырып, алаңдауға негіз жоқ деп мәлімдеді.

Дэвид Бэш, Кеноша қаласының шерифі:

- Қолда бар мәліметке сенсек, қайтыс болған үш адам бір-бірін таныған. Демек, қылмыскер оларға қасақана оқ атты деген сөз. Куәгерлердің айтуынша, күдікті өзінің іс-әрекетімен мейрамханаға келушілердің ашуына тисе керек. Сонан соң тамақтану орнындағы қызметкерлердің бірі оның кетуін сұраған. Көп ұзамай күдікті қайтып келіп, оларға оқ ата бастаған.

Талғат Алманов, тілші:

- Соңғы уақытта АҚШ-та қарумен адам өлтіру оқиғалары көбейіп барады. Мәселен, соңғы бір айдың ішінде 47 атыс тіркеліп, салдарынан 70-тен астам адам жапа шекті. Ал жалпы жыл басынан бері осыған ұқсас 148 дерек тіркелген. Бүгінде Америкада қару-жарақ сатып алу қолжетімді болғандықтан осындай қылмыстардың саны артып барады, дейді сарапшылар. Мұнда тапанша немесе мылтық алу үшін АҚШ азаматы болуы шарт емес. Кәмелет жасқа толсаңыз әрі штаттың ID-картасын көрсетсеңіз, қару сатып алуға рұқсат береді. Осы орайда Ақ үй басшысы Джо Байден қару-жарақты сату талаптарын барынша қатаңдатуға шақырып жатыр.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Бұл ұлттық трагедия және оған нүкте қойылуы керек. Мен қару-жарақты сату талаптарын барынша қатаңдатуды қалаймын. Конгресс болса тезірек әрекет етуі тиіс. Сенат та іске көшуі керек. Қарапайым дүкендерде автоматты қарулардың сатылуына түбегейлі қарсымын. Мен бұл істі тоқтату үшін алған бетімнен таймай, әрі қарай да күресе бермекпін.

Қару сатып алудың қолжетімді болуы, халықтың қолында жүрген қару санының артуына тікелейі әсер етеді. Бір ғана мысал, америкалықтар әлем халқының 5 процентін құрағанымен әлемдегі жалпы атыс қаруының 45 процентіне иелік етеді екен. Сонымен қатар АҚШ-тағы атыс қаруымен жасалатын адам өлтіру көрсеткіші Канададан 6 есе, ал Германиядан 16 есе көп. Бұл жағдайдың асқынып кетпеуі үшін атыс қаруын сату ережелерін тез арада реформалау керек дейті сала мамандары.

Авторлар: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Сондай-ақ...