«Берлинале» кинофестивалі көрерменмен қайта қауышты

Бұл індет қыспаққа алғалы елде өткізіліп отырған алғашқы ауқымды мәдени шара.

Ұйымдастырушылар фестивальдің барлық санитарлық талапқа сай өтуі үшін қосымша 10 миллионнан астам евро жұмсаған.

Карантиндік тұжырымдамаға сәйкес, көрсетілімдер қаланың әр бөлігінде ашық аспан астында өткізіледі. Премьераға келген әр көрермен коронавирусқа тест тапсыруға міндетті. Сақтық шаралары барынша сақталса да әліптің артын баққан ұйымдастырушылар тек 60 мың билетті сатылымға шығарған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 5 есеге аз. Кинофестивальде барлығы 126 фильм көрсетіледі. Ал апта соңында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.

Айта кетейік, өнер додасында үздік шыққандардың есімі былтыр қыста онлайн форматта өткен кинофестивальдің бірінші бөлімінде анықталып қойған. Бас жүлде «Алтын аю» румыниялық режиссердің еншісінде. 

Александр Германа Марриотт, режиссёр, актёр /Канада/:

- Мен фестивальдің бұл жолы көрермендермен Open Air форматында өтіп жатқанына қуаныштымын. Десе де, іс-шара шағын ғана құрамда ұйымдастырылған, киножұлдыздар қатары әдеттегіден аз. Пандемияға дейін мен мұнда жылда келетінмін. Кино индустриясы үшін берлиндік, венециандық сынды фестивальдардың маңызы зор. Мұнда сыншылар, кәсіби мамандармен қатар киносүйер қауым да бас қосады.