Ковидтің үнділік штамы Азияға тарады

Ұлыбританияда тура бір аптадан кейін, яғни 21 маусымда шектеу шаралары жеңілдетілу керектін. Алайда билік ойлана келіп, бұл мерзімде тағы 4 аптаға кейінге шегеруді ұйғарған. Өйткені Корольдікте үнділік штамм тез тарап барады. Қазір мұнда британдық мутация емес, осы «дельта» басым. Ол науқастардың 91 процентінен анықталып жатыр. Өткен аптада оның алдындағы жеті күнмен салыстырғанда ауру деңгейі 49 процентке артқан. Соңғы дерек бойынша корольдікте үнділік штамнан 42 өлім тіркелген. Марқұмдардың 12-сі коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын да алып қойыпты. Бұл туралы Телеграф басылымы хабарлайды. Қазір тиісті оқиғаларға қатысты тексеру жүріп жатыр. Негізі Ұылбритания вакциналау науқаны бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. 68 миллионға жуық халықтың шамамен 30 миллионы екпенің қажетті екі дозасын да алған. Бірақ билік сонда да асығыстық танытпауды жөн көрді. Өйткені ғалымдар шілдеде Ұлыбританияда тәуліктік өсім 100 мыңға дейін жетуі мүмкін деп болжап отыр.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Бізде қайтадан ауруханаға түсіп жатқандар саны артып барады. Індеттің бірінші не екінші толқынымен салыстырғанда қазір науқастардың көбі жастар. Өйткені қарттар мен жасы үлкен тұрғындардың дені екпе салдырған. Десе де, бізде әлі вакцина мен вирус арасында тартыс жүріп жатыр. Бұл жекпе-жекте түбінде екпе жеңіске жетуі тиіс.

Азия елдерінде де үнділік штамм тез тарап барады. Осы ретте Индонезия астанасында жаңа локдаун енгізілуі мүмкін. Өйткені кейінгі аптада ауру деңгейі 50 процентке артқан. Ауруханаларда бос орындар саны 55 проценттен 25 процентке дейін азайған. Малайзияда эпидемиологиялық ахуал нашарлап кетті. Сондықтан 14 маусымға дейін енгізілген карантин тағы 2 аптаға ұзартылды. Негізі мұнда 1 маусымнан бастап мекемелердің көбі жұмыс істемейді. Алайда осындай қатаң шектеу шараларына қарамастан ауру деңгейі төмендемей тұр. Осы ретте көшеде дене қызуы жоғары тұрғындарды анықтау үшін дрондар пайдаланыла бастады. Бұған дейін мамандар олардың көмегімен әлеуметтік қашықтықтың сақталуын қадалаған еді.  

Мәскеуде кеше вирусты жұқтырудың 6 мың 700 жаңа дерегі тіркелді. Бұл жыл басынан бері ең үлкен көрсеткіш. Мұнда да Британиядағыдай науқастар арасында жастар көп. Негізі Ресейде де үнділік штамм тіркелген. Алайда тиісті деректер саны 20 шамасында. Сонда ауру деңгейінің күрт артып кетуіне не себеп деген сауал туындайды. Мамандар ахуалдың нашарлауына сақтыққа салғырт қарау, әлеуметтік қарым-қатынас санының көбеюі мен вакциналаудың төменгі деңгейі түрткі болғанын айтады. Мамырдағы демалыстар өз кесірін тигізген. Оның үстіне жаз мезгілінде өңірлер арасында қатынау да көбейген. Демалыс күндері Мәскеуде рейд жүргізілді. Сөйтіп әрбір бесінші тексеру кезінде ережелердің бұзылғаны анықталды. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты қалада жаңа шектеу шаралары жарияланды. Сөйтіп мұнда сауда орталықтарындағы тамақтану орындары мен балаларды ойнататын залдар жабылды. Компанияларға қызметкерлерінің кемі 30 процентін қашықтан жұмыс істеуге көшіруге кеңес берілді. Мейрамханаларда түнгі 11-ден кейін қонақтарды қабылдауға болмайды. 

БЛИЦ

- Соңғы жаңалықтарды естіп алаңдап отырмыз. Өйткені мұның әлеуметтік-экономикалық жағдайға қалай әсер ететіні белгісіз. Мен 2 баланың анасымын. Ауырмау үшін спортпен шұғылданамын. Жүгіремін. Алайда билік ондай жарыстарға да тыйым салды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Өйткені біз жабық жерде емес, таза ауада боламыз ғой. 

- Шектеу шараларын осыншама қатаңдатудың керегі жоқ еді. Мәскеуде қаншама миллион халық тұрады. Қазіргі науқастар санын тұрғындар санына бөлетін болсақ, төменгі көрсеткіш шығады. Біз де жынды емеспіз ғой, бәрін біліп отырмыз. 

- Қала билігінің мұндай шешім қабылдағаны дұрыс па, бұрыс па - мұны айту қиын. Алайда жағдай мамандар айтқандай күрделі болса, онда шектеу шараларын енгізудің бір пайдасы тиіп қалар.

Сондай-ақ...