Германияда коронавирустың дельта штамы таралып жатыр

Германияда әр ПТР тесттің нәтижесі коронавирустың жаңа штамын анықтау үшін тағы бір мәрте тексерілетін болады.

Бұл науқаста қауіпті індеттің үндістандық нұсқасын анықтау үшін қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны дельта вирус деп атады. Вирустың бұл түрі өзгелерге қарағанда тез тарайды. Мәселен, Ұлыбританияда «дельта вирус» жаңадан тіркелген дімкәс жандардың 96 процентінде табылса,  Германияда 6 процент науқаста анықталған. Соның өзінде неміс сарапшылары әлден дабыл қаға бастады. Жергілікті билік аймақтағы эпидахуалдың оңалғанына қарамастан  шектеу шараларын жеңілдетуге асығар емес. Кеңселер мен мектептерде әлі де маска тағу режимі сақталған. Өйкені сарапшылар күзге қарай аймақта дельта вирус өршіп кетуі мүмкін деп болжап отыр.

Лотар Вилер, Роберт Кох атындағы институттың басшысы:

- Германияда көбіне вирустың альфа түрі тарап жатыр. Дельта түрі әзірге көп кездесіп жатқан жоқ. Десе де, штамның бұл түріне шалдыққандардың қатары артып барады. Сондықтан жағдайды қатаң бақылауда ұстау керек. Эпидахуалдың өзгеруі дер кезінде қолға алған шараларға байланысты болмақ. Сондықтан екпе егу науқанына қарамастан тұрғындар барынша сақтанып жүруі керек.