Коронавирусқа қарсы Turkovac вакцинасы сынақтан сәтті өтті

Коронавирусқа қарсы тағы бір вакцина сынақтан сәтті өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атауы – Turkovac. Екпені түріктің Эржиэс университеті мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп жасаған. Препараттар қазір клиникалық сынақтың үшінші фазасынан өтіп жатыр. Сынаққа 40 мыңнан астам ерікті қажет болған. Әп-сәтте ел тұрғындары отандық вакцинаға қолдау көрсетіп, 850 мыңға жуық ерікті өтініш білдірген. Ғалымдар соңғы кезең де сәтті аяқталса, күзде қолданысқа беріледі деп отыр. Президент Режеп Тайып Ердоғанның сөзінше, сырттан вакцинамен қамтамасыз ету маңызды. Дегенмен Түркияның отандық препаратын өндіруі маңыздырақ.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Елімізді эпидемия құрсауынан тезірек құтқару үшін және халқымыздың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін отандық вакцинаның болуы өте маңызды. Клиникалық сынақ үшінші фазаға өтті. Демек, жақын арада жергілікті препарат қолданысқа енеді. Сынақ жұмыстары дер кезінде аяқталып, отандық вакцинаға қол жететін кез жақын деп үміттенемін. Азаматтарды екпе салдыру арқылы әлеуметтік жауапкершілікке шақырамын.