Ауғанстанда белгісіз біреулер 100-ден астам бейбіт тұрғынды өлтіріп кетті

Ауғанстанның Кандагар провинциясының Спин-Болдак аймағында белгісіз адамдар жүзден астам бейбіт тұрғынды өлтіріп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24» Lenta.ru сілтеме жасап.

«Пәкістанның Пенджаб қаласынан келген лаңкестер бастықтарының бұйрығымен Спин-Болдактың кейбір аудандарындағы бейбіт ауғандардың үйлеріне шабуыл жасап, жүздеген жазықсыз адамды өлтіріп кетті», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Мирваис Станекзай.

Ауған үкіметі аймақтағы билікті басып алған радикалды «Талибан» қозғалысы содырларын бейбіт адамдардың өмірін қиды деп айыптады. Ауғанстан Қорғаныс министрлігінің өкілі Рохулла Ахмадзай содырлар жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік мекемелерді бірнеше рет тонап, қалалардың инфрақұрылымын қиратып, азаматтарды өлтіргенін айтты.

Ауғанстандағы жағдай АҚШ пен НАТО елдері 1 мамырда әскери контингентті ресми шығаруды бастағаннан кейін ушығып кетті.