Қырғызстан кәсіпкерлері экономикада төтенше жағдай тәртібін енгізуге қарсы

Қырғызстан кәсіпкерлері экономикада төтенше жағдай тәртібін енгізу жөнінде заңға қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24». Парламент қабылдаған бұл құжатқа сәйкес, үкімет депутаттардың қолдауынсыз негізгі салықтардың мөлшерлемесін өзгертіп, сыртқы сауда мен кедендік ережелерді реттей алатын болды.  

Экономикадағы төтенше жағдай белгілі бір оқиғалар болғанда енгізіледі. Мәселен, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда бағалар үш жарым процентке өссе немесе соңғы үш айда жалпы ішкі өнім көрсеткіштері 10 процентке төмендесе. Сондай-ақ соңғы ширекте инвестициялық ахуал нашарлап, капитал жылыстауы 20 процентке артса. Оған қоса, экономиканы төтенше басқаруға өткізуге негіз болатын өзге де себептер бар. Бұл – мемлекеттік қарыздың 10 процентке артуы және соңғы 90 күнде салық түсімдерінің 10 процентке кемуі және сыртқы сауда көлемінің күрт азаюы.  

Данияр Иманалиев, Қырғызстан экономика және қаржы министрінің бірінші орынбасары:

– Егер бизнес өкілдері салықты ашық әрі уақтылы төлесе, кәсіпкерлерге еш зиян көрмейді. Төтенше жағдай аясында қабылданатын ережелер елде экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталады. 

Тап осы салық пен кеден төлемдерінің өзгеруі көп сауал тудырып отыр. Сауатты кәсіпкерлер орта мерзімді жоспарға негізделген стратегияға жұмыс істейтіні белгілі. Бекітілген салықтар мен өзге төлемдерге қарап табысын есептейді. Ал төтенше жағдай тәртібі үкіметке осы салықтарды өзгертуге мүмкіндік береді.  

Айдарбек Мамбеткадыров, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іскер кеңесінің мүшесі: 

– Оны қандай жағдайда енгізетіні түсініксіз. Бұл жөнінде нақты ережелер айқындалған жоқ. Белгілі бір сәттерде 90 күнге енгізіледі деп жазылған. Жылына қанша рет енгізе алатыны айтылмаған. Одан да бюджет шығындарына көбірек көңіл бөлгені дұрыс. Ал салық мөлшерлемелерін осылай күрт өзгерту күмән тудырады. 

Дау туғызған тағы бір ереже – айыппұл. Төтенше жағдай енгізілген жағдайда салық төлеу немесе сауда жүргізу ережелерін бұзғандарға бір миллион сом мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл – 12 мың доллармен шамалас сома. Осы орайда бизнес-қауымдастық президент Садыр Жапаровтан осы заңға вето салуды сұрады. 

Авторы: Бақыт Чермашев