Кабул қалыпты өмірге орала бастады

Соғыстан көз ашпаған ауған жұртының ендігі тағдыры не болады?

Көзді ашып-жұмғанша тәліптер басып алған елдегі кешегі дүрбелең, қашқан жұрттың видеосы жұртты шошытқан еді. Енді бүгінгі жағдай қандай? Жалпы елді қандай өзгерістер күтіп тұр.

Кабулдағы дүрбелең басылды. Қала қайтіп қалыпты өмірге орала бастады. Сауда орындары қайта ашылып, жұрт жұмысқа кірісіп кеткен. Кеше ғана кабулдықтар үйде, ал тәліптер шаһардың әр бұрышына бақылау-өткізу бекеттерін орнатумен болған еді. Бүгін көшеде жүрген көлік те, адам да көп. Бірақ мұның қаншалықты ұзаққа созылатынын ешкім де кесіп айта алмайды. 20 жыл бұрын тәліптер билікке келгенде тұрғындардың өмірі күрт өзгеріп, жантүршігерлік жағдайға жеткен еді. Қорлау мен қудалау көп болған. Бірақ бұл жолы тәліптер ел азаматтарын да, үкіметті де қорықпауға шақырып отыр.

Аминура, жергілікті тұрғын:

- Қазіргі жағдай алаңдатарлық. Бүкіл ел болашақта не болады деген оймен жүр. Әйтеуір тәліптер өз күшін Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесін жақсартуға жұмсайды деп үміттенеміз. Алдыңғы жолы қыздардың мектепке баруына тыйым салған тәліптермен салыстырғанда бұл жолы қандай да бір оң өзгеріс болатын шығар деген сенімдеміз. «Талибан» ел проблемасына көп көңіл бөліп, Ауғанстанның дамуына ұмтылуы керек.

Елдің ендігі болашағын дәл болжау қиын. Сұрақ көп, жауап аз. Радикалды діни қозғалыстың бақылауында тұрған елдің бүгін болмаса да ертең басқаша әрекетке көшуі әбден мүмкін. Қатаң режим қайта орната ма әлде өткеннен сабақ алып, халықтың тыныштығына, бейбіт өмір сүруіне мүмкіндік бере ме, бұл да белгісіз. 1996-2001 жылдар аралығында «Талибан» әйелдерге қорлық көрсетіп, барлық мүмкіндіктен шектеген еді. Этнос және дін өкілдерін де қудалады. Музыка мен теледидарға мүлде тыйым салған болатын. Ал бұл жолы тәліптер кең. Халықты бейбіт өмір күтіп тұр деп сендіргісі келді. Сарапшылар да бұл жолы тәліптер репрессияшыл заңдары мен керітартпа саясатын қолданбайды деп үміттенеді.

Аркадий Дубнов, Орталық Азия бойынша сарапшы, саясаттанушы:

- Менің ойымша, «Талибан» уақытша үкімет құру кезінде америкалықтарға берген уәдесінде тұруға тырысады. Яғни, АҚШ пен НАТО күштері өз азаматтары мен әскерилерін, қажет болса дипломаттарды да Кабулдан түгел әкетпейінше ресми түрде Кабулды басып алғандарын жария етпейді. Тек осы аяқталған соң ғана олар уақытша үкімет құруға кіріседі. Алайда ол коалициялық болмайды. Себебі коалиция құратын ешкім жоқ. Жеңіске жеткен тек өздері ғана. Соған қарамастан, тәліптер ұлттық діни топтың жетекшілері мен кеңес әскерімен шайқасқа түскен беделді тұлғаларға саяси сахнада қалуға мүмкіндік беруі мүмкін. Уақытша үкімет құрылған соң «Талибан» өз құрамына технократтарды тартуға тырысады. Себебі дәл осылар елді басқарып, орта деңгейдегі шенділерді сабырға шақырып, олардың жұмысқа қайта оралуына жағдай жасайды. Ал жетекші лауазымдарға тек тәліптер тағайындалады. Жалпы бұл жолы олар құдды сүттен ақ, судан таза болмысқа еніп, халықаралық қауымдастықтың көмегіне жүгінеді. Бірінші кезекте америкалықтардың жәрдеміне иек артады. Себебі Джо Байден осыған дейін ауған босқындарына 500 миллион доллар көлемінде көмек көрсетуге уәде берді.

Ауғанстанға қатысты туындап отырған бір мәселе – босқындар жайы. Өйткені жұрттың бәрі бірдей тәліптердің қоластында өмір сүргісі келмейді.Ал бұл мәселе Орталық Азия аймағына қалай әсер етуі мүмкін? Ал сарапшылар қайтсе де босқындардың болатынын ескертеді.

Икбаль Дюрре, Мәскеу Мемлекеттік лингвистика университетінің доценті, саясаттанушы:

- Ауғанстан шариат заңдарын ұстанатын мемлекет болады. Құрылымы жағынан федеративті болуы мүмкін. Себебі елдегі этникалық топтар мен басқа да мәселелерді ескерсек, басқа жүйе орнату өте қиын. Менің ойымша, мұны тәліптер жақсы түсінеді. Босқындарға тоқталар болсақ, алдағы уақытта ауған жерінен ағылған азаматтар легі көп болады деп ойламаймын. Бірер күннен соң халық басылады. Өйткені тәліптер көбі күтіп отырғандай агрессия танытпайды. Керісінше, олар азаматтарды сабырға шақырып жатыр. Қазірдің өзінде кабулдықтардың көңілін аулап, жұбатып қойған. Қалай болғанда да, бұрынғы Кеңес Одағы елдеріне аса қатты қауіп төнбейді. Меніңше, босқындар көбіне Иран мен Түркияға, Еуропа елдеріне кетуге тырысады. Бірақ бұл бірден іске аса қоймайды.

Ұлыбритания Ауғанстаннан қашқан азаматтарға босқын мәртебесін берудің арнайы жүйесін жасамақ. Сыртқы істер министрінің айтуынша, оның мақсаты – қиындыққа тап болған тұрғындарға қол ұшын созу. Десе де, босқындардың бәріне бірдей елге кіруге рұқсат берілмеуі мүмкін. Аталған ведомство басшысының айтуынша, бәрі Дохада қол жеткізілген келісімнің іске асырылуына байланысты.

Доминик Рааб, Ұлыбританияның сыртқы істер министрі:

- Кабулдағы әуежайға АҚШ пен Ұлыбритания сарбаздары өте көп. 600 жауынгер бар. Бұл аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға ғана емес, эвакуациялау ісі үшін де маңызды. Осының арқасында жексенбі күні ауған жерінен 150 британ азаматын әкеттік. Ал соңғы бір аптада Ауғанстан мен Ұлыбританияға адал еңбек еткен 289 ауған елден шығарылды. Алдағы бір тәулікте тағы 350 адамды әкету жоспарланған.

Өз кезегінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ауған жерінде коронавирустың таралуына алаңдап отыр. Себебі тәліптердің шабуылынан елде вакциналау науқаны тоқтап қалған. Ал Кабул әуежайындағы дүрбелең қажетті дәрі-дәрмек жеткізуге кедергі келтірген. «Бұдан бөлек, мыңдаған адамның бір жерге жиналуы індеттің қайта өршуіне әкелуі мүмкін», - дейді ұйым өкілдері.