АҚШ әскерилері тағы 159 ауғанды эвакуациялады

Кабулда тәліптерден бас сауғалап батыс елдерінен пана іздеген Ауғандарды эвакуациялау жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше кешкісін АҚШ әскерилері Германияның Рамштайн қаласына тағы 159 адам жеткізді. Неміс жеріне табан тіреген азаматтардың барлығы коронавирусқа байланысты карантиннен өтеді. Жалпы АҚШ Ауғанстаннан эвакуацияланған азаматтарын орналастыру үшін бұл базадағы орынды 5 мыңнан 10 мыңға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

Джош Олсон, АҚШ әскерінің өкілі:

– Олардың бәрінің шаршап шалдыққаны байқалады. Бірақ әйелдер мен балалардың күлімдеген жүздері көңіліңізге қуаныш ұялатады. Карантиннен кейін эвакуацияланғандардың ішінде жат пиғылды жандар болмас үшін тексерулер жүргізу қарастырылған.

Ал Еуроодаққа эвакуацияланып жатқан ауғандықтардың біраз бөлігі Мадридтегі, Торрахон Де Ардос әскери әуежайына жеткізіліп жатыр. Босқындардың көбі – одаққа қызмет еткен ауған азаматтары. Бұл жерде 1 мың адамға арналаған орын дайындалған. Осы жерде бірнеше күн аялдаған соң олар өзге еуропалық елдердегі қабылдау орындарына жіберіледі. Осы ретте Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Ауған азаматтарына қолдан келген көмектің бәрі көрсетілетінін жеткізді.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Ауғанстанда адамдарды эвакуациялау операциялары сәтті жүріп жатыр. Шараны әрине оңай деп айтуға келмес. Бірақ біз кез келген мәселені шешу үшін барлық күшімізді салатын боламыз. Қажет болған жағдайда бұл істе Талибанмен де ынтымақтасуға дайынбыз. Біздің ауған халқы алдындағы міндетіміз өзгермейді.