Ауғанстанда үкімет құру туралы келіссөздер аяқталды

Тәліптер Ауғанстанда үкімет құру туралы келіссөздерді аяқтады. Көп ұзамай қорытындысы белгілі болады. Бірер күн бұрын «Талибан» қозғалысының ресми өкілі инклюзивті үкімет құру процесі алдағы 2 апта ішінде аяқталатынын хабарлаған. Соңғы мәлімет бойынша тәліптер барлық 34 провинцияда полиция басшыларын тағайындап қойған. Сондай-ақ біраз өңірдің губернаторы мен бірқатар қала басшысы да тағайындалған. Енді қозғалыс өкілдері дипломатиялық миссияларын жапқан елдерді оларды қайта ашуға шақырып отыр.

Забиулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:

- Біздің алдағы уақытта құрылатын инклюзивті үкіметімізді халықаралық қауымдастық мойындайды деген үміттеміз. Өзге мелмекеттермен жақсы қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Біз бұған дейін амнистия жарияладық. Билікке «Талибан» қозғалысының өкілдері келгелі қауіпсіздік күштерінен бір де бір азамат түрмеге отырған жоқ.

* Еске сала кетсек, Талибан ұйымына Қазақстандағы Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімімен тыйым салынған.