Еуропада электр энергиясы мен газ бағасы шарықтап тұр

Еуропа елдерінде газ бен электр энергиясының бағасы шарықтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылар алдағы уақытта олардың төмендеуі екіталай дейді. Сондықтан Кәрі құрлықта жуық арада энергетикалық дағдарыс туындауы мүмкін. Қытайда мұндай дағдарыс басталып кетті. Электр энергиясының тапшылығына байланысты көшеде бағдаршамдар өшіріліп, тұрғындар қуат көздерін пайдалануды шектеуге мәжбүр. Ал Ұлыбританияда жанармай дағдарысының ушыққаны соншалық, билік жұмысқа әскерилерді тартуды көздейді.

Ұлыбританияда жанармайға қатысты жағдай ушығып барады. Мәселе жүк көлігі жүргізушілерінің тапшылығында. Оған брексит кінәлі. Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шыққалы Польша, Литва, Эстония, Румыния секілді елдерден келетін жүргізуші азаматтардың Корольдік аумағына өтуі қиындаған. Бұрын олар емін-еркін қатынаса, енді арнайы рұқсат керек. Шектеулерге байланысты мамандардың келуі одан бетер қиындады. Қазір елде 100 мыңға жуық жүк көлігінің жүргізушісі жетіспейді. Ал бұл жанар-жағармай бекеттерге уақытылы жеткізілмейді деген сөз. Жүргізуші тапшылығы басқа салаларға да әсер етіп отыр. Мәселен дүкендер мен мейрамханаларға азық-түліктің тасымалдануы ақсап тұр. Қазір жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды. Мұнай өңдеуші зауыт өкілдері жанармай қоры жеткілікті екенін айтады. Билік дағдарысқа тұрғындардың өздері кінәлі дейді.

Джордж Юстис, Ұлыбритания қоршаған ортаны қорғау министрі:

- Тағы да айтамыз, бізде жанармай қоры бәріне жетеді. Қазіргі жағдайдың қалыптасуына дүрбелең салған тұрғындар кінәлі. Жүк көлігі жүргізушілерінің жетіспейтінін естіген кейбір британдықтар жанармайды артығымен сатып алып, бекеттерде оның тапшылығын тудырып отыр.

Жағдайды өз мүддесіне пайдаланған кейбір сатушылар жанармай бағасын көтеріп жіберген. Билік әскерилер көмекке тартылуы мүмкін екенін айтады. Яғни, жағдай одан бетер ушықса, қарулы күштер өкілдері жүк көліктеріне отырып, жанармайды бекеттерге тасиды. Билік бұл уақытша шара екенін айтады. Қиындықтан шығу үшін Рождество қарсаңында мыңдаған жүргізушіге Ұлыбританияға уақытша виза берілетін болды. Жүк көлігіне лицензияны алу ережелері жеңілдетілді.

Блиц 1:

- Мен кешеден бері көлігіме жанармай құя алмай жүрмін. Кеше екі сағаттай жүріп, ештеңе таппадым. Билік жанармай тапшылығы жоқ дейді. Алайда біз басқа жағдайды көріп отырмыз.

Блиц 2:

- Таң атқалы бірнеше жанармай құю бекетіне барып қайттым. Бұл осымен төртіншісі. Бүкіл жанармай оны іздеймін деп жүріп-ақ бітетін болды.

Қытайда да дағдарыс. Шығыстағы көрші елде электр энергиясы тапшы. 16 шілдеде мұнда квоталардың жаңа жүйесі іске қосылды.

Ол жергілікті зауыттардың ауаға бөлінетін зиянды заттарының мөлшерін азайтуға бағытталған. Салдарынан көмір станциялары электр энергиясын аз өндіре бастаған. Бұл бірқатар зауыттың жұмысына әсер етті. Кейбір провинциялардың басшылығы тұрғындарды бойлер не қысқа толқынды пештерді қолдануды шектеуге шақырып отыр. Сауда орталықтары ертерек жабылып жатыр. Кей өңірлерде тіпті бағдаршамдар өшірілген. Кеңсе ғимараттарында алғашқы 3 қабатта лифтті қолдануды шектеу ұсынылды. Компаниялар өндірісті түнгі уақытқа ауыстыруға мәжбүр болған. Сарапшылар электр энергиясының тапшылығына байланысты Қытайдағы зауыт-фабрикалардың кідіріспен жұмыс істеуі әлемдік нарыққа да әсер етуі мүмкін дейді.

Еуропа елдеріне де энергетикалық дағдарыс қаупі төніп тұр. Кәрі құрлықта қазір газ бен электр энергиясының құны шарықтап тұр. Сарапшылар қыс келгенде тағы қымбаттауы мүмкін екенін айтады. Энергетикалық дағдарыстың бірнеше себебі бар. Мәселен, Азия нарығында жанармайға сұраныс жоғары. Жергілікті кен орындары сарқылып барады. Оның үстіне жасыл энергетикаға бет бұрған Еуропа елдерінде ауаға бөлінетін көміртекке квоталардың қымбаттауы тағы бар. Кейінгі бір жарым айда Кәрі құрлықта жел әдеттегіден аз соққан. Тиісінше, электр энергиясы да аз өндірілген.