Үндістан ауаны ластайтын парникті газдың көлемін азайтуды кешіктірентінін мәлімдеді

Бұл туралы Глазгодағы халықаралық климат конференциясында белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дүйсенбі күні әлемнің ондаған көшбасшы елі Шотландияда жаһандық жылыну мәселесін шешу жолдарын талқылады.Таңертеңнен бастап мыңнан астам делегат пленарлық отырыстарға үлгеру үшін ұзын-сонар кезекте тұр. Олардың көпшілігі ковид жұқтырмау мақсатында бетперде таққан.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Көріп тұрғаныңыздай, саммит өтіп жатқан көрме орталығының аумағында адам өте көп. Әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау қиын. Ұйымдастырушылар шара басталғаннан кейін халықты ішке кіргізуді тоқтатып тастады. БҰҰ өкілдері мұны коронавирусқа байланысты қабылданған шешім деп түсіндірді.

Билік қатаң санитарлық талаптардың сақталып, Ұлыбританияда вакциналау науқанының өте жоғары деңгейде өткізілгеніне қарамастан, конференция ковид ауруының кеңінен таралуына әсер етуі мүмкін екендігін мойындады. Ғимаратқа кіре алмаған қатысушыларға шараны онлайн көру ұсынылды. Халықтың көпшілігі Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің мәлімдемесін күткендей болды. Өйткені Үндістан - Қытай, АҚШ және Еуроодақтан кейін қоршаған ортаны ең көп ластайтын төртінші ел.

Нарендра Моди, Үндістан премьер-министрі:

– Мен климаттың өзгеру проблемасына өте мұқият қараймын, бірақ Үндістанның экономикалық әлеуетіне нұқсан келтіргім келмейді. Біз ауаны ластауды 2050 жылға қарай емес, 2070 жылға қарай нөлге жеткізуге уәде береміз. Бұл конференцияның негізгі миссиясына сәйкес келмейтіні рас, бірақ басқа амал жоқ.

Дәл осы сәтте көшеде конференцияның ұйымдастырылуына қарсылық білдірушілердің наразылық акциясы өтіп жатты. Швед эко-белсендісі Грета Тунберг форумнан кейін ештеңе өзгермейді, бос сөзден батыл әрекетке көшетін уақыт келді деп мәлімдеді.

Грета Тунберг, эко-белсенді:

– Конференцияға тек саясаткерлер мен қолында билігі бар адамдар ғана қатысып жатыр. Олар біздің бүгініміз бен болашағымызға алаңдамайды да. 

Саммитте есте қаларлық сәттің бірі - АҚШ президенті Джо Байденнің спикерлерді көзін жұмып тыңдауы болды. Бұл көрініс шамамен 30 секундқа созылды. Кейбіреулер Байден ұйықтап қалды деп ойлады. Бүгін саммиттің басты спикерлерінің бірі Ресей президенті Владимир Путин болмақ. Бірақ ол өзі қатыспайды. Алдын ала жазылған баяндамасы жария етіледі. Путин орманды қорғау және жерді пайдалану туралы мемлекет пен үкімет басшыларының бірлескен декларациясы туралы пікір білдірмек. Құжатқа әлемдегі жалпы орман аймағының 85 процентін иеленетін 100-ден астам ел қол қояды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы