Канадада жауын-шашын салдарынан бір адам көз жұмды

Канаданың Британиялық Колумбия провинциясында жауын-шашын салдарынан 1 адам көз жұмды. Тағы 3 тұрғын із-түссіз жоғалып кеткен. Билік құрбандар саны артуы мүмкін деп болжайды.

Өйткені алапат тасқын мен лай көшкініне ұласқан табиғи апаттардың беталысы жаман. Соңғы дерек бойынша, 18 мыңға жуық кісі үйін тастап, қауіпсіз жаққа кетуге мәжбүр болған. Елдегі ең ірі теңіз айлағы Ванкуверге баратын жолдар жабылып, көлік қозғалысында кедергілер туындап отыр. Үкімет осының алдында Тынық мұхитын жағалай орналасқан аймақта төтенше жағдай жариялаған еді.

Джастин Трюдо, Канада премьер-министрі:

– Керек-жарақты тез жеткізу және мұқтаж адамдарды көшірісу үшін Британиялық Колумбия провинциясына жүздеген сарбаз жіберілді. Аймақ басшыларымен, байырғы халық көсемдерімен тығыз байланыста отырмыз. Ауыр жағдайдағы тұрғындарға қолдан келген барлық көмекті аямаймыз.

Джон Хорган, Британиялық Колумбия провинциясының премьері:

– Жақын күндері құрбандар саны өсуі мүмкін. Біздің аймақ соңғы 500 жылда болмаған табиғи апаттарға тап болды. Бұл оқиғаларға климат өзгерісінің тікелей әсері бар. 2030 жылға дейін жоспарланып жатқан «Жол картасы» табиғи апаттардың зардабын азайтуға көмектеседі деген үміттеміз.