Беларусь арқылы Еуропаға жетпек болған Ирак мигранттарының жолы болмады

Беларусь арқылы Еуропаға өтпек болған Ирак мигранттары мінген ұшақ Бағдадқа қонды.

Бұл туралы араб елі Азаматтық авиация басқармасының өкілі мәлімдеді. Әуе кемесінде 430 босқын болған. Олар орманда аш-жалаңаш жүріп, суық күнге шыдамай, елге қайтқандарын айтады. Ашынған мигранттар Беларусь-Польша шекарасын бұзып кірмек болған. Бірақ мұздай қаруланған поляк әскері оларға тосқауыл қойды. Ресми Минск еуропалық көршілерінен босқындарды қабылдауды сұраған, бірақ кәрі құрлық елдері заңсыз мигранттарды өз аумағына кіргізуден бас тартты.

Арсед Мехди, мигрант:

- Беларусь-Польша шекарасында азапқа толы өмірді бастан кешірдік. Беларусь әскері Польшаға жібереміз деген еді, бірақ бізді Литва шекарасына апарды. Сим-картамыз бен суымызды тартып алып, орманға қоя берді. Олар «біздің шаруамыз жоқ, өз бетіңмен әрі қарай тіршілік етесің немесе осы жерде өлесің» деді. Көрмегеніміз жоқ.