Ресейге қарсы санкциялардың жаңа пакеті әзірленіп жатыр

Еуроодақ қазір Ресейге қарсы санкциялардың бесінші пакетін талқылауда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған мұнай эмбаргосы да кіруі мүмкін деген әңгімелер айтылды. Нақты шешім келесі аптада белгілі болады. Еуроодақ Ресейден көмір импорттауға толығымен тыйым салуды да қарастырып жатыр. Украинаның Буча қаласында түсірілген жантүршігерлік кадрлар жария етілгеннен кейін Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың жаңа пакетін әзірлеп жатыр. Кремль бұл оқиғаға қатысын жоққа шығарды. Дегенмен еуропалық дипломатия басшысы Жозеп Боррель әзірге жаңа пакетке мұнай эмбаргосы кірмейді дейді. Дегенмен 11 сәуірде Еуроодақ өкілдері өзге шаралармен қатар Ресейден қара алтын импортына тыйым салу жағын да қарастыратынын айтты. Украина мен АҚШ өкілдері одақты ресейлік газ бен өзге энергия тасымалдаушылардан бас тартуға шақырып отыр. Алайда сарапшылар бұл жағдайда әлемдік нарықта қара алтын құны күрт шарықтап кететінін болжайды. Бұл ретте халықаралық энергетикалық агенттік 120 миллион баррель мұнайды қоймадан шығаруға ниетті екенін жеткізді. Ұйым бұрын-соңды мұндай ірі көлемде шикізат шығарылмағанын айтады. Сарапшылар осындай шараның арқасында санкциялардың кері әсерін азайтып, бағаның күрт шарықтап кетуінің алдын алуға болады дейді.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева