Өзбекстанда Конституцияға түзету енгізу қызу талқыланып жатыр

Өзбекстан халқы Конституцияның жаңа редакциясын қабылдауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мақсатта арнайы референдум өткізу көзделіп отыр. Негізгі құжатқа 200-дей түзету енгізіледі. Ала шапанды ағайын енді мемлекет басшысын 5 жылға емес, 7 жылға сайлайды. Ұсыныс қолдау тапса, қазіргі ел басшысы қызметін 2040 жылға дейін жалғастыра алады.

Өзбекстанның негізгі заңы 1992 жылы қабылданды. Содан бері бірнеше рет өзгертіліп, жетілдіру кезеңінен өтті. Көбі алғашқы Президент тұсында қолға алынса, қазіргі кезеңінде бастама екінші рет көтеріліп отыр.

Валерий Бирюков, саясаттанушы:

Бастама Президент тарапынан жасалды. Оның пікірінше, негізгі құжатқа адам құқықтарына кепілдік беретін баптар керек. Осы мәлімдемеден кейін қоғамда жұмыс қызу жүргізілді. Мамырда конституциялық комиссия құрылып, он мыңдаған ұсыныс қабылданды.

Елдің ата заңына сай президенттік мерзім бұдан былай 7 жылға ұзаруы мүмкін. Осы күні 5 жылмен шектеліп отыр және сайлауға екі реттен көп қатысуға тыйым салынады. Реформаны қоғам белсенділері қызу талқылап жатыр. Саяси салаға қатысты емес, мемлекеттің тұтастығын, халықаралық аренадағы беделін нығайтатын түзетулер де бар.

Валерий Бирюков, саясаттанушы:

– Президенттің құзіреттілігін 7 жылға дейін ұзарту және өлім жазасына түпкілікті тыйым салу жөніндегі бастама бар. Ұсыныстар көбіне қолдау тауып жатыр. Ал Қарақалпақ Республикасының мәртебесін өзгерту туралы ұсыныс қызу талқыға түсті. Бұл мәселеде билік барлық тараптың пікірін ескереді деп ойлаймын.

Қоғамдық талқылау 4 шілдеге дейін жалғасады. Одан кейін жалпыхалықтық референдумға әзірлік басталады. Билік өкілдері Өзбекстан мәртебесі Конституцияда тек демократиялық емес, зайырлы әрі әлеуметтік мемлекет деп көрсетілетінін айтады.

Заңды неке шарты тек ер және әйел адам арасында жасалуы керек. Бұл ұсыныс та жалпыхалықтық дауыс беруге салынады. түзетулердің жалпы саны 200-ден асады. Одан бөлек, жаңа 6 бап пен 16 норма бар.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов