Белград пен Приштина мәмілеге келе алмады

Сербия мен өзін өзі жариялаған Косово өзара ортақ мәмілеге келе алмады. Брюссельде өткен келіссөздер нәтижесіз аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Белград пен Приштина мәмілеге келмесе де, тараптар тығырықтан шығу жолын іздестіріп жатқанын айтты.

Айта кетейік,  Приштина солтүстіктегі сербтердің тек Косовода берілген авто-нөмірлерін қолдануы қажет деп айтқан. Ал бұған қарсы болған сербтер аймақтағы күрежолдарды жауып тастады. Жағдайдың шиеленісуінен кейін Косово үкіметі елдің солтүстігінде тұратын сербтерді көлік нөмірлерін Косово билігі берген нөмірлерге өзгертуге, сондай-ақ Косовоның жеке тіркеу құжаттарын алуға міндеттейтін шешім қабылдауды бір айға кейінге қалдырған еді.  Брюссельдегі келіссөздерден бір күн бұрын НАТО басшысы Йенс Столтенберг жағдай ушықса, ұйымның  бітімгерлік миссиясы өңірге жіберілетінін мәлімдеген.

Жозеп Боррель, Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі басшысы:

- Халықаралық қауымдастық жағдайдың ушыққанын қаламайды. Тараптар мәселені одан әрі ушықтырса, бұған өздері толық жауап береді. Өкінішке қарай, бүгін біз ортақ келісімге келе алмадық. Бірақ бұл әңгіме осымен бітті дегенді білдірмейді. Қос тарап диалогты жалғастыру керегін түсініп, ары қарай келіссөздер жүргізуге мүдделі екенін білдірді. Тақауда диалогты қайта жалғастыратын болды.