Вьетнамда коменданттық сағат жарияланды

Бұған дейін 8 адамның өмірін қиған табиғат апаты Вьетнамда да ойран салған еді. Осы кезде Куба халқы да әбігерде. «Иан» дауылы бүкіл елді жарықсыз қалдырды. Қазір Флоридаға қарай бет алды. Мұндағылар алдын ала қамданып, төтенше жағдай жариялады. Өйткені бұл жолғы дауылдың беталысы қауіпті болып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вьетнамда «Нору» тайфуны ойран салып, коменданттық сағат жарияланды. Қатаң тәртіп туристік аймақтарда да енгізілді. Әуежайлар жұмысын тоқтатты. Пойыздар кешігіп жатыр. Мектептер жабылды. Биыл Вьетнамда 16 тайфун соққан. Бірақ «Нору» соның ішіндегі ең алапат табиғат апатына айналды. Қазір жел бәсеңдеген. Алайда нөсер құйып тұр. Сондықтан су тасқыны мен лай көшкіні қаупі сейілмейді. Бұған дейін ол Филиппинде ойран салып, ауыл шаруашылығы саласына оразан зор зиян келтірген еді. Әсіресе күріш алқаптары қатты бүлінген.

«НОРА» ТАИЛАНДҚА БЕТ АЛДЫ

Елде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда қазір жауын-шашын маусымы. Сондықтан кейбір өңірлерді су басқан. Енді тайфун соғып, тағы да нөсер селдетсе, тұғындар қиын жағдайға тап болатын түрі бар.

КУБАДА БҮКІЛ ЕЛ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ

Ал Кубада «Иан» дауылы тұрғындардың берекесін қашырды. Бүлінген үйде есеп жоқ. Көшелерді су басқан. Бүкіл ел жарықсыз отыр. Қазір электр қуатын беру біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Энергетикадан бөлек ауыл шаруашылығы саласына да зиян келді. Банан өсеретін жүзеден гектар аумақ бүлінген.

ФЛОРИДАДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ

«Иан» дауылы қазір АҚШ-тың Флорида штатына таяп қалды. Оған қауіптіліктің жоғары деңгейі берілген. Билік 2 жарым миллион тұрғынға эвакуациялау туралы ескерту жасады. Штатта төтенше жағдай жарияланған. 

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Менің әкімшілігім сақадай-сай дайын. Біз Флорида тұрғындарына көмектесеміз. Мен штатқа шұғыл қаржылай көмек аударуға өз рұқсатымды бердім. Бұдан бөлек, өңірге Ұлттық гвардия құрамынан 5 мың адам жіберілді. Өзге штаттардан тағы 2 мың маман аттанды.

«Иан» дауылына байланысты Спейс Икс компаниясы ғарыш кемесін ұшыру уақытын өзгертті. Бұл аппарат 3 қазанда аттануы тиіс еді. Бұдан бөлек, табиғат апатына байланысты Флоридада бірнеше компания мұнай өндіруші платформалардағы жұмыстарын уақытша тоқтатты. 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева