Калифорния қуаңшылықтан зардап шекті

АҚШ-тың Калифорния штатын қуаңшылық жайлады. Батыс өңірлердегі ұңғымаларда жер асты сулар жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Су ресурстары департаментінің келтірген деректері бойынша биыл штатта 1200 құдық кеуіп кеткен. Бұл былтырмен салыстырғанда шамамен 60 пайызға көп. Әсіресе жемістер, көкөністер мен жаңғақтар экспорттаушы Сан-Хоакин аймағында жағдай қиын. Қалыптасқан климаттық қиындықтардан жергілікті шаруалар зардап шегуде. Кейбірі тіпті көрші ауылдардан су тасуға мәжбүр. Билік өкілдерінің мәліметтеріне сүйенсек, 215 мың гектар ауылшаруашылық аумақ құрғап, егін өспей қалған. Айта кетейік, штатта мұндай құрғақшылық үш жыл қатарынан болып отыр.