Қожа Ахмет Ясауидің мөрі мен шежіресі табылды

Еліміздің көне тарихы тағы бір құнды жәдіргермен толықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзбекстанның Наманган қаласында Қожа Ахмет Ясауидың мөрі мен шежіресінің бір нұсқасы табылды. Ислам әлеміне әйгілі он бір шайық есімі жазылғаны құнды мұраны Ясауидің ұрпағы Ибраһимжан қажы Шарифхужаев сақтап келген.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Жасы жүзге таяған Ибраһимжан ақсақал Өзбекстанның Наманган қаласында тұрады. Өткен жылғы пандемия кезінде ауыр сырқаттанған қария өзінде құнды мұраның сақталғанын айтып, Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне хабар жіберген. Музей қызметкерлері ақсақалды Өзбекстанға арнайы іздеп барып, тарихи жәдігердің құндылығына көз жеткізді.

98 жастағы ақсақалдың сөзінше, оның отбасы 1933 жылы Түркістандағы қожа молдаларды қудалау кезінде Өзбекстанның Наманган қаласына көшіп барған. Кеңестік кезеңде Яссауи мұраларын көрсетуге қорыққан анасы оны арықтың жағасына көміп сақтаған. Соның салдарынан құнды қолжазбаның біраз бөлігі шіріген. Аман қалғаны екі жарым метр. Оның өзін ешкімге көрсетпестен тығып, ұстаған.

Ибраһимжан Шарифхужаев, Қожа Ахмет Ясауидің ұрпағы:

- Менің әкеме қанша атадан берілгенін толық айта алмаймын. Бұл біздің әулетіміз үшін өте құнды дүние. Себебі, бұл біздің Ахмет Ясауидің ұрпағы екенімізді дәлелдейтін құжат, мынау соның мөрі. Әкем Түркістанға жерленді. Атадан балаға мұра болып келе жатқан аманатты сақтап қалу анам екеуміздің басты парызымыз болды. Қараңғы сәттерде жасырынып жүріп, насабнаманы арық-атыздар мен елеусіз жерлерге көмдік. Көзімнің тірісінде бұл аманатты бабам жатқан жерге табыстауды армандап жүрдім.

Ұрпақтан ұрпаққа жеткен Насабнама қолжазбасы шағатай тілінде жазылған. Ондағы тың деректерді музей мамандары тыңғылықты зерттемек.

Мамандардың айтуынша, бұған дейін табылған Қожа Ахмет Ясауидің мөрлері тек қағаз күйінде сақталған. Ал бұл мөр мыстан жасалған. Әрі алғаш рет табылып отыр. Шағатай тілінде жазылған жазбалар аударылып, қай ғасырға тиесілі екені де анықталды.

Берік Байболов, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музейі ғылыми бөлімінің басшысы:

- Біздің түркістандық сақталған мөрлерде он Ахметтің аты жазылады да, ал кешегі қарияның қолынан табылған мөрді біз қазір аудардық. Онда бізге беймәлім үш шейхтің аты белгілі болды. Ол – Ахмет Ысқақ, Ахмет Жаржани, Ахмет Маржани деген. XIV-XV ғасырға тиесілі екен айдан анық.

Ибрахимжан ақсақалдың сегіз ұл, үш қызы бар. Олар өздерін тікелей Қожа Ахмет Ясауидің ұрпағы екенін мақтан тұтады. Қажы өз үйінің бір бөлмесінен Ясауи мен Түркістанға арнап шағын мұражай ашқан.

Нұрболат Ахметжанов, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи- мәдени музейінің директоры:

- Бұл енді жаңағы осы Ибраһим ақсақалдың төл меншікті жәдігерлері болғаннан кейін ол кісі өзі келіп, Түркістанға соны біздің музейге табыстайтын болып келістік. Өйткені жаңағы жәдігері шекарадан шығу оңай емес.

Музей басшылығы Қожа Ахмет Ясауидің мұралары әлі күнге толық зерттелмегенін айтады. Әзірге тек 70-тен аса шежіресінің түрі табылған. Сондықтан әлі де Орта Азия елдері аумағында «Ясауи ізімен» ғылыми танымдық экспедиция жалғасады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы