432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында төрт көпір жөнделіп, ел игілігіне берілді

  • 226
  • UPD: 22:37, 18.09.2020

Түркістан облысы Төлеби ауданының Қасқасу елді мекенінде төрт бірдей көпір ел игілігіне берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамыр айында болған тасқын судан мұндағы көпірлерді сел шайып кеткен еді. Салдарынан аудан мен ауыл арасындағы қатынас қиындай түсті.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Таудың етегіндегі мына тұмса табиғат нағыз демалыстың орталығы саналады. Алайда, көктемде таудан арқырап аққан ағын судан Қасқасудағы 4 бірдей көпірдің талқаны шыққан болатын. Қазір өзеннің екі  бетінде орналасқан ауылдың қатынасын мына жаңа көпірлер жалғады.

13 мамырда толассыз жауған нөсердің салдары тек қасқасулықтарды ғана емес, Төлеби өңірін түгел әбіржіткен болатын. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. 6 елді мекендегі 151 үйді су басты. «Тұрғындар болса, көпір бұзылып қатынассыз қалды», - дейді ауылдың ақсақалы Тұрғынбек Бектаев. Қызыл су шайып кеткен бұл көпір халыққа 28 жыл қызмет көрсетіпті.

Тұрғынбек Бектаев, Қасқасу ауылының тұрғыны:

-Мына ауылымыз судың екі жағында ешқайда өте алмай, еш жаққа қатынас жасай алмадық. Мал мына жақта қалды, тағы да сабақ оқытылмайтын уақыт еді ол уақытта. Судан өтуге мүмкіндік жоқ еді. 1-2 айға дейін күттік қой. Осы көпірді салған азаматтарға үлкен рахмет.

Қазір жарамсыз болған үйлер қайта қалпына келтірілді. Ал жоғарғы Қасқасу елді мекеніндегі Аралық, Кемерлік, Сырғанақты және Сырғанақты-1 көшелеріне өтетін көпірлер қазір жаңарған. Төтенше жағдайдың салдарын жою мақсатында аталған көпірлерге әуелі сметалық құжаттама әзірленіпті. Сосын облыстық бюджеттің төтенше жағдай қорынан 3 көпірге және Төлеби ауданы әкімдігінің өзі 1 көпірге тиісті қаржы бөліп, құрылыс жұмыстары жүргізілген.

Бауыржан Омарбеков, Төлеби ауданының әкімі:

-Су шайып кеткен 4 көпірді жөндеуге облыстық бюджеттен 61 млн теңге қалған қаржысын 23 млн теңге көлемендегі қаржыны аудандық бюджеттен бөле отырып, көпірлерді қысқа уақыт ішінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда көпір қайта жанданып, ауылдың арасы көлік жаяу жүргіншілері қатынасы қалпына келтіріліп, соның ашылу сәтіне келіп отырмыз.

Төлеби ауданында әлі де болса жаңаруды қажет ететін көпірлер баршылық. Мәселен, Бадам өзенінің үстінен өтетін көпір мен тағы бір ауыл ішіндегі өткел ескірген. Қазір бұл көпірлердің сметалық құжаттамалары әзірленіп қойылған. Тек қазынадан қаржысы бөлінгендігін күтуде.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы