ШҚО-да балаларын жалғыз өсіріп отырған әке баспаналы болды

Шығысқазақстандық Сейсенбай Қонақаев баспаналы болып, жаңа өмір бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көпбалалы әке бұған дейін шалғайдағы Қарабұйрат ауылында тозығы жеткен ескі үйде тұрып келді. Бір жыл бұрын ауыр науқастан әйелі көз жұмып, шиеттей бала-шағаны бағып отырған азамат аудан орталығынан тұрмысқа қолайлы баспана сұраған.

Қарапайым еңбек адамы Сейсенбай Қонақаев бұған дейін шалғайдағы Қарабұйрат ауылында тұрып келген. Отын жарып, су тасу сияқты машақаттарға қиналмайтын еді. Алайда балаларының анасы дүниеден өткенде мойнына қосымша жүк түсті. Қайсар азамат қиындыққа мойымады, перзенттерін интернатқа, басқа үйге бермеді. Дегенмен жарығы жиі өшетін, интернеті жоқ ауылда балалардың болашағына алаңдаған. Біздің репортажымыздан кейін бұл мәселеге мән берген жергілікті атқарушы билік өкілдері көпбалалы әкеге аудан орталығынан салынған жаңа баспананың кілтін табыс етті. 120 шаршы метрлік үйдің ішінде тұрмысқа қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Кешегі әке мұңы сейіліп, болашаққа сенім күшейді.

Сейсенбай Қонақаев, көпбалалы әке:

- Тез шешеді деп үш ұйықтасам түсіме кірмеді, ойлаған жоқпын. Мемлекет қамқорлығына алып жатыр, рақмет! Балаларды ешкімге бермей, қанаттыға қақтырмай жеткізем деп ойлаймын. Достарым да көмектесіп жатыр. Үйді салып жатқан жігіттер де кір жуғыш машине ұсынып, халық болып көмектесіп жатыр.

Жанболат Мұстафа, оқушы:

– Мен өскенде әскер болғым келеді. Әскер болу үшін жақсы оқып, жақсы білім алу керек. Мен сабақтан қалмай жүрмін, мына үйіміз әдемі екен.

Өткен жылы Үржар ауданында көпбалалы отбасылар үшін 78 пәтер іске қосылды. Биыл да бұл шаруалар жалғасын таппақ.

Біржан Тұрлыбеков, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылы 60 пәтерлік құрылыстың жобасы дайындалып басталып та кетті. Биылғы жылы тағы да қосымша Мақаншы, Таскескен өңірінде де қос пәтерлі 20 пәтердің құрылысы басталайын деп отыр. Осылардың бәрі көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға арналған пәтерлер болады. 2021 жылдың аяғына дейін Үржар өңірінде кезекте тұрған 89 көпбалалы, аз қамтылған отбасылар толығымен пәтерлермен қамтылады деп сенеміз.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Жаңа шағын ауданға қазірдің өзінде 300-ден астам тұрғын қоныстанған. Биыл тағы 50 үй салынса, олардың саны 2 есеге артады. Сондықтан жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл жерден болашақта жаңа мектеп, балабақша салуды жоспарлап отыр.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...