Колония бастығының орынбасары сотталғандарды азаптағаны үшін жауапқа тартылды

Қостанайдағы Құсмұрын колониясы бастығының орынбасары сотталғандарды азаптағаны үшін өзі де сотталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы режимдегі УК-161/4 мекемесінде қызмет істеген ол былтыр мамыр айында жауапқа тартылған. Құсмұрын колониясы 2020 жылы таратылғандықтан, жәбірленушілер қазір облыс аумағынан тыс жерлерде жазасын өтеп жатыр. Осы себепті сот процесі де ұзаққа созылды. Прокурорлар айыпталушыны екі жарым жылға қамауға алуды сұрағанымен, сот осынша мерзімге шартты түрде бас бостандығын шектеуге үкім шығарды.

Зәуре Едікова, облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Әулиекөл аудандық соты Құсмұрының кентіндегі УК-161/4 колониясы бастығының орынбасарын екі жарым жылға бас бостандығынан шектеу туралы үкім шығарды. Сонымен қатар қасақана физикалық және психикалық азап келтіргені үшін оған үш жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынады. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.