Көлігі Ресейде тіркелген қызылордалық жол қозғалысы ережелерін 181 рет бұзған

Қызылордалық жүргізуші 8 ай ішінде жол қозғалысы ережелерін 181 рет бұзып, 3,5 млн теңге көлеміндегі айыппұлды төлемей жүрген, деп хабарлады Polisia.kz.

11 ақпанда «Борышкер» шарасы аясында Қызылорда облысының ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері, прокуратура өкілдері және сот орындаушылары бірлескен рейд барысында 34 жастағы облыс тұрғыны басқарып жүрген ресейлік нөмірге ие жеңіл автокөлікті ұстады. Ол сегіз ай ішінде жылдамдық режимін 181 рет бұзған.

Құқықбұзушылықты автоматты түрде анықтайтын «Аркан» құрылғысы аталған автокөлікке 2020 жылдың 12 маусымы мен 2021 жылдың 11 ақпаны аралығында 3 млн 591 мың 265 теңге сомасында айыппұл салған.

Сондай-ақ жүргізушінің көлікті сақтандыру құжатынсыз, тек жүргізуші куәлігімен басқарғаны анықталды.

Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды, құқықбұзушы салынған айыппұлдарды төлеуі тиіс. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 1-бөлігімен (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) хаттама рәсімделіп, жиналған құжаттар сотқа жолданды.