Сенатта полицияның сервистік модельге көшуі талқыланды

«Полицияның сервистік моделін заңнамалық қамтамасыз ету және Ішкі істер министрлігін бейінді емес функциялардан босату».

Бүгін Сенатта осындай тақырыпқа арналған үкімет сағаты болды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Кездесуді ашқан Палата төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында полицейлердің жұмыс қағидадарын өзгерту міндетін қойғанын атап өтті.

«Құқық қорғау жүйесін дамыту әрқашан мемлекетіміздің құқықтық саясатының күн тәртібіндегі маңызды тақырып болғанын атап өткен жөн. Тәуелсіздік алған кезден бастап, Конституциямызда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары басты құндылық болып белгіленгеннен кейін барлық заңнамалық қайта құрулар азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға, сот төрелігіне тең қол жеткізуге, қылмыстық саясатты ізгілендіруге, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге баса назар аудара отырып жүргізіле бастады», – деді Нұрлан Әбдіров.

Министр Ерлан Тұрғымбаев ІІМ-де жүргізіліп жатқан реформа барысы туралы сенаторларға айтып берді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауда полиция қызметкерлерінің алдына қойған міндеттері жүйелі түрде шешімін табуда.

«Біздің алдымызда халық сеніміне ие әрі технологиялық түрдегі заманауи ішкі істер органдары жүйесін құру маңызды міндеті тұр. Оның ішінде полицияның «қадамдық қолжетімділігі» қамтамасыз етілетін және учаскелік инспекторларға басты рөл берілетін жергілікті полиция қызметін сервистік жұмыс моделіне ауыстыру да бар», – деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Полиция қызметкерлерін қажет емес функциялардан босату үшін бұрын 653 күзетілетін нысан бәсекелестік ортасына берді. Олардың қатарында қалалық әкімдіктер, арнайы медициналық жабдықтау қоймалары және т.б. бар. Осының барлығы полицияның штаттық санын 3 мыңға жуық адамға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сенаторлар реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуді одан әрі жалғастыруды басты назарға алып отыр. Олардың ішінде көші-қон және сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету саласындағы полиция функциялары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрліктеріне беру мәселелері бар.

«Полиция қызметінің құқық бұзушылықтардың алдын алуды, қоғамдық тәртіпті сақтауды, халыққа уақытылы көмек көрсетуді көздейтін функцияларын заңнамалық деңгейде нақты анықтау аса маңызды. Полицейлердің жұмысы танымалдық, қолжетімділік, ашықтық және тілектестік қағидаттарына негізделуі тиіс», – деп атап өтті сенатор Нұрлан Бекназаров өз сөзінде.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков осы Үкімет сағатының алдында атқарылған жұмыстар туралы айта келіп, Сенатта бірқатар іс-шаралар өткенін атап өтті. Онда ішкі істер органдарының қызметін жаңғырту, оның ішінде учаскелік полиция инспекторлары жұмысының сервистік моделін енгізу, қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі, есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, елдің шекара маңындағы өңірлерінде мал ұрлығының алдын алу мәселелері талқыланды. Сенаторлар ішкі істер органдарын реформалау жөніндегі өзекті мәселелерді жария етіп, премьер-министрдің атына депутаттық сауалдар жолдады.

Сенаторлар жүргізіліп жатқан реформа барысында қолданыстағы құқықтық нормаларды уақтылы әрі мұқият талдау қажет екенін және заңнамалық түзетулерді қабылдаудың орынды екенін атап өтті. Талқылау нәтижелері бойынша сенаторлар Үкіметке жіберілетін ұсынымдар қабылдады.

Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров шара соңында кез келген өзгерістер мен реформалар жағдайды мұқият талдауды және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып басқа елдердегі оң тәжірибені енгізуде қолайлы болуын талап ететінін атап өтті. Ішкі істер органдары жеке құрамының жаңа сипатта – сервистік модельде жұмыс істеу үшін олардың кәсіби даярлығына, қайта даярлықтан өтуіне ерекше назар аудару қажет.

Іс-шараға Бас прокуратураның, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ өңірлік полиция департаменттерінің басшылары бейне конференция байланысы арқылы қатысты.