Шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының бірлестігі құрылмақ

Биыл елде шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының бірлестігі құрылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бастама бүгін «Отандастар» қорының жанындағы Қоғамдық комиссияның отырысында айталды. Бұл өзге елде тұрып жатқан қандастарымыздың Қазақстанмен байланысын күшейтіп, оларға ұлттық мәдениет пен тілді насихаттауға мүмкіндік береді. Ал телеарналар өзара әріптестік орнатып, ақпараттық өнімдерімен алмасады. Сондай-ақ шет елдегі қазақтілді ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыс беру арқылы еліміздің имиджін қалыптастыруға болатыны айтылды. Бүгінде әлемнің 11 мемлекеттінде қазақтілді 88 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Салыстырмалы түрде қарасақ, олардың саны жыл өткен сайын азайып бара жатыр екен.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар» КЕАҚ вице президенті:

– Этникалық қазақтар көп тұратын Қытай мен Қазақстан арасында ақпарат алмасу мемлекеттік деңгейде жүйелі жолға қойылмаған. Мәселен Қытайда қазақтілді 24 БАҚ бар. Екі телеарна, екі радио, 9 журнал, 3 газет, 8 сайт. Олардың көбі – мемлекеттік. Бірақ солай бола тұра олармен ақпарат алмасу мүмкін болмай тұр. Шектеу мен кедергілер көп. Қазақ салт-дәстүрі, ән, күй өнер және басқа да қазіргі кезде ұмытылып бара жатыр. Ол тек қана Қытайда емес, басқа елдерде де солай.