433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстан Аралдың табанын Қазақстанмен бірге көгалдандыруды ұсынып отыр

  • 94
  • UPD: 21:04, 18.03.2021

Өзбекстан құрғап қалған Арал табанын Қазақстанмен бірге көгалдандыруды ұсынып отыр. Теңіз маңындағы улы тұзды тозаң, құм мен шаң көтерілмеу үшін іргедегі көршілер Арал түбіне орман отырғызып жатыр. Ала тақиялы ағайын соңғы үш жылда бұл жерге қарабарақ, жыңғыл, сексеуіл секілді өсімдіктер еккен екен.

Жасын Біркенов, тілші:

- Бұл Қарақалпақстанның Мойнақ қаласы. Осыдан небәрі 60 жыл бұрын Арал ат шаптырым жерде еді. Мына тұста теңіздің жағалауы болатын. Мұндағы тұрғындар шаһардың шетіне шыға сала ау салатын. Ал қазір теңіз тым алыста.

Өзбекстан тұсында Батыс Арал ғана сақталып қалған. Оның өзі жыл сайын 60 сантиметрге тартылып барады. Сумен бірге мұнда балық та жоғалды. Арал апатының салдарынан осы өңірде туберкулез бен қатерлі ісік аурулары өршіп тұр. Бұл аздай, су алабынан ауаға улы тұзды тозаң көтеріледі.

Әли Шәдинов, балықшы:

- Бұл жерде құрғақшылық. Құрғақшылық болғаннан кейін шаң көтеріліп көзге ұрады, бетке ұрады. Көтеріліп кетемін дегенше мына ерлерінде. Аузына тигізсең, ап-ащы ғой.

Экожүйені қалпына келтіру үшін көршілер теңіздің құрғап қалған табанын орманға айналдырып жатыр. Соңғы үш жылда 1 млн 200 мың гектар алқапқа қарабарақ, жыңғыл, сексеуіл секілді шөлге төзімді өсімдіктер отырғызған.

Тоқтамыс Шүкірбердиев, орманшы:

- Мына сексеуіл. Тамырын 20-25 см төменге көмуіміз керек. Мынау колесо деп айтылады. Колесомен жерді ойып аламыз. Былай. Сөйтіп ішіне отырғызамыз. Қасынан былай қазылады. Не үшін дегенде, нәлдің тамыры толық отыруы керек. Тамырына ауа кірмеуі керек. Еш қиындығы жоқ. Осылай егіп кете береміз.

Жыңғыл мен сексеуіл улы тұзды тозаң мен құмды өз маңына жинап, ауаға көтерілуіне тосқауыл қояды.

«Әрі олардың жерсінуі жақсы», - дейді өзбектер. Жел солтүстік жақтан соққан соң көрші ағайын бұл жұмысты қазақстандық мамандармен бірлесе істеуді ұсынып отыр.

Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик:

- Бұл жұмысқа қазақстандық орманшылардың белсене араласуын қалаймыз. Мен теңіздің құрғап қалған табанын игеру бойынша бірлескен жүйе құруды ұсынамын. Бүгінде біз бұл мәселені Өзбекстанда шешіп жүргенімен жел Қазақстан жағынан соғады. Ал егер көрші елдің мамандары да Арал түбін өзі көгалдандыра бастаса, онда біз 5-7 жылдан кейін бұл жұмысты аяқтап тастауымыз әбден мүмкін.

Мамандардың айтуынша, Аралды бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес. Сол себепті іргедегі көршілер тұзды шөлге айналған теңіз табанын көгалдандырып, артынша мұнда ауыл шаруашылығын дамытуды көздеп отыр.

Авторлар: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы