Атырау облыстық мүгедектер қоғамы жанындағы тігін цехы жабылу алдында тұр

Себебі мемлекеттен қолдау кем, деп хабарлайды «Хабар 24».

2018 жылдан бері үйде отырған мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерді кәсіпке баулып, табыс табуларына мұрындық болған кәсіпорын жарты қуатында ғана жұмыс істейді. Өйткені тапсырыс тапшы.

Тігінші Күнсұлу Төлегенованың өндірістегі жұмыс өтілі 10 жылдан асады. Денсаулығының кемдігіне қарамастан жұмысында ақау жібермеуге, тырысады. Сосын да шебер тігіншінің маңайына жастар үйірсек. Ісмер келіншек өз ісіне де үлгеріп, үйренемін дегендердің де өтінішін жерге қалдырмайды. Алайда екі жылдан бері жұмыстан береке кетті. Себеп тапсырыс жоқ.

Күнсұлу Төлегенова, тігінші:

– Қандай тапысырыс болсын, тіге береміз. Жамылғылар, оюлы, шиқұрақ көрпе тіге аламыз. Тапысырыс мол болса, жақсы ғой. Табыс әкелетін сол ғой. Бұрын жамылғыларды мыңдап тігіп жүрдік. Қазір тапсырыс болмай тұр мекемелерден.

Мақаттық тігіншілер бұған дейін мұнай мекемелерінің тапсырыстары бойынша 1,5 мың төсек жабыны мен маман киімдерін дайындап келіпті. Сол жұмыс ырғағы әлі де баяуламаған. Тек соңғы екі-үш жылда ереже өзгеріп тапсырыстан қағылып отыр. Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша порталға тіркелу үшін кәспорынның жеке ғимараты болуы шарт. Тендердің басқа да талаптары баршылық көрінеді Ал жылдық тауар айналымы 1 млн-ға жетпейтін мүгедектерге арналған мекемеде дербес ғимарат та, оны сатып алатын қаражат та жоқ.  

Тыныштық Ещанова, тігін цехының меңгерушісі:

– Бұл біз үшін үлкен проблемаға айналып отыр. Себебі өзіміздің ғимаратымз жоқ. Мынаны жалға алып отырмыз. Тағы проблема, біз әрбір өнімге мемлекеттік стандарттарды сатып алуымыз керек. Ол да қыруар қаражатты қажет етеді. Сөйтіп, мемлекеттік сатып алу тізіміне енбей қалдық. Енді тек жеке тапсырыстарды қанағат қылмасақ амалымыз жоқ.

Аудан тұрғындарының үдесінен шығып келе жатқан цехта 18 іс машинасы жұмыс істеп тұр. Қыз-келіншектер жұмысына ұқыпты. Мұндағы 23 қызметкердің басым бөлігі – бірінші-екінші топтағы мүгедектер. Олардың араларында жергілікті арнаулы оқу орындарының үйренушілері де бар. Әзірге аз тапсырыстан түскен қаражат тек еңбеақыны жабуға жетеді екен. Мұндағы орташа айлық – 60-70 мың теңге шамасында. Енді шағын да болса, өздерін асырап келген кәсіпорын мемлекет тарапынан қолдау болмаса, онсыз да қамкөңіл жандар күнкөрісінен айырылмақ.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин