Қазақстанда ана капиталы енгізіле ме?

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанда ана капиталын енгізу туралы сұраққа жауап берді.

Депутаттық сауалға жауап Мәжіліс сайтында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Вице-премьердің айтуынша, ресейлік тәжірибені зерттеу үшін ана капиталы мәселесі 2020 жылдың қазанында ТМД-ға мүше мемлекеттердің Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі консультативтік кеңесінің XXXIII отырысында қаралды.

«Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша ана капиталы бала тууды ынталандыру және «табиғи кему» сияқты құбылысты еңсеру жөніндегі уақытша шара екенін атап өткен жөн. Мысалы, Ресей Федерациясында туудың жалпы коэффициенті 1,4 болған.

Ал осы бағдарлама іске асырылған соң (13 жыл ішінде) туудың жиынтық коэффициенті 0,1-ге өскен немесе 1,5-ке жетті (Ресей Федерациясының статистика деректеріне сәйкес), бұл оның тиімсіздігін көрсетеді», - делінген Ералы Тоғжановтың жауабында.

Ол Қазақстанда туудың жиынтық коэффициенті 2007 жылы 2,47 болғанын және 2020 жылы 3,13-ке дейін өскенін (халық өзі көбеюі үшін 2,1 коэффициент жеткілікті) хабарлады.

«Қазақстанда қолданыстағы ана мен баланы қолдау жүйесі жәрдемақыларды төлеудің уақыттылығы мен кезеңділігіне кепілдік береді және әртүрлі өмірлік жағдайларды көздейді. Онда жүктілігі мен босануы бойынша әлеуметтік төлем (орташа айлық жалақының 40 пайызға жуығы), бала туғанда берілетін (бірінші, екінші, үшінші бала тууына - 110 846 теңге, төртінші және одан көп бала туғанда - 183 771 теңге), бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін (16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін), мүгедек баланы бағып-күтумен айналысатын ата-аналар үшін (48 023 теңге) берілетін жәрдемақы бар.

Бұдан басқа, бір жасқа толғанға дейін бала күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табыстың 10%-і мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген», - деді вице-премьер.

Тоғжанов 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға үйдегі балалар санына байланысты жәрдемақы тағайындалып, төленетінін де атап өтті (4 баласы бар отбасылар үшін 16,03 АЕК - 46 760 теңге, 5 баласы бар отбасыларға 20,04 АЕК - 58 457 теңге, 6 баласы бар отбасыларға 24,05 АЕК - 70 154 теңге, 7 баласы бар отбасыларға 28,06 АЕК - 81 852 теңге, 8 және одан да көп бала үшін - әр балаға 4 АЕК)

«Табысы төмен (отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен) аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылады (мектеп жасындағы балалар үшін - оқу орны бойынша тегін тамақтану, қалалық қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, мектеп формасымен және керек-жарақтармен қамтамасыз ету, мектеп жасына дейінгі балалар үшін - балаларға арналған азық-түлік жиынтықтарымен және тұрмыстық химия тауарларымен қамтамасыз ету).

Сонымен қатар бүгінде барлық өңірде және астанада «жалғыз терезе» қағидаты бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға барлық мәселе бойынша (атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, тұрғын үй, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша консультациялар беру) консультациялық қызметтер көрсететін, отбасы институтын қолдайтын «Жанұя» және «Шаңырақ» орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, орталықта балалар мен олардың ата-аналарына, оның ішінде мүгедек адамдарға арналған психологиялық және мотивациялық тренингтер мен өзге де іс-шаралар өткізіледі», - деп түйіндеді премьер-министрдің орынбасары.

Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Қазақстанда ана капиталын енгізуді және бала туғаны үшін 4,2 миллион теңгеден төлеуді ұсынған болатын.