Аршалыға биыл газ келуі мүмкін

Ақмола облысының Аршалы ауданына биыл газ келуі мүмкін.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің өкілдері мәлімдеді. Аудан 2022 жылға дейін «Сарыарқа» магистраліне қосылады деп жоспарланған.

«Дегенмен, аудан орталығының аздаған бөлігіне осы жылдың соңына қарай көгілдір отын берілуі ықтимал», - дейді, мамандар. Жалпы ауданда алдағы жылдары 17 ауылға газ келеді деген жоспар бар. Қазір оларда автоматты газ тарату тораптары мен құбыр желілері салынып жатыр. Одан кейін Целиноград ауданының елді мекендері қосыла бастайды. Осылайша, жобаның алғашқы кезеңінде 35 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізбек. Ол үшін республикалық бюджеттен 14 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылады.

Азамат Таласбаев, Аршалы аудандық түкш бөлімінің жетекшісі:

- 2021 жылы Аршалыдағы салынып жатқан газ тарату желілері толық тапсырылмайды. Бірақ жұмысы біткен жерлердегі үйлерді қоса беруді ойлап отырмыз. Алайда, бәрі қаражатқа байланысты. Ақша уақытында бөлінсе, мердігер де өз жұмысын уақытылы бітіреді.